Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жергілікті билік қайда барып, не істеу керегін білмейді": Санжар Мәди атыраулықтардың жанайқайын жеткізді

Танымал актер, кино жұлдызы Санжар Мәди су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге барып, жағдайды бүкпесіз баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/sanjar.madi/

Актердың айтуынша, Атырау өңіріндегі жағдай күрделі көрінеді. Ол биліктің адамын күтпей, бір-біріне көмектесіп жатқан халықтың жанайқайын жеткізді. 

“Таңертең ертемен Атыраудан Алматыға оралдым. Қатты шаршағандықтан төсектен тұра алмай жатырмын. Физикалық шаршағаның демалып тұрсаң, басылып қалады. Бірақ эмоциялық шаршағанды басу қиынға соғып тұр. Дәл қазір когнитивтік диссонанс күйінде отырмын. Мен мұнайлы астана саналатын Атырауға бардым. Сол  жерде тасқыннан зардап шеккендерге көмектестік. Жағдайын көзімізбен көрдік. Ол өңірде санмыңдаған миллиард доллар байлық жатыр. Халықтың болмысынан қонақжайлық пен ашықтық, еркіндік пен турашылдықты аңғардым. Мен бұл қалаға ғашық болдым. Екінші жағынан, қала тұрғындарының соңғы сәтке дейін өздері жанұшыра бір-біріне көмектесіп жүргенін көрдім. Ең қызығы, жолда көп шұңқыр қазылыпты. Шенеуніктер қала жолдарындағы шұңқырларды тасқыннан кейінгі судың бәрі сол жерге сіңсін деп әдейі істеген сияқты. Мемлекетімізді 40% асырап отырған қалаға ұқсамайды”, – деп жазды актер. 



Кино жұлдызының айтуынша, қиын кезеңде халық жұдырықтай жұмылып, биліктен хабар күтпей, өздері-ақ су тасқынына қарсы тұрған. 

“Су астында қалған қалалардың болашағын елестетуден қорқамын. Бәрінің жанына бататыны сөзсіз. Мен бұрын да халыққа халық қана көмектесе алады деп жазып едім. Сол сөзім рас екен. Шаршағандарына қарамастан мұқтаж жандардың жанынан табылған керемет ерікті жастарды көрдік. Олармен бірге иық тіресіп жүрген мектеп оқушылары мен балалар, әйелдер мен еркектер, қарттарды жолықтырдық. Ортақ іске қандай да бір жолмен көмектесуге тырысып-ақ жатыр”, – деді кино жұлдызы. 

Сондай-ақ актердың жазбасына түрлі пікір жазылып, жоғары жақтан қоңырау да түсіп үлгерген. Алайда өнер иесі жазбасын өшірмейтінін ескертті. 

“Жазба жариялағаннан-ақ маған қоңырау шалып жатқандар көбейді. Атырау қаласының әкімдігіне және айналасындағы адамдарға айтарым: маған қоңырау шалып, жазбадан бір сөйлемді немесе түгел жазбамды алып тастауды өтінудің қажеті жоқ. Сіздердің басқармаларыңыздың қалай жұмыс істейтінін көрдік. Жергілікті халық өз бетінше ғана әрекет етіп жатыр. Биліктегілер не істеу керегін білмегесін, халықты ортақ іске жұмылдыра алмай отыр. Өзіңіз туралы ақпаратты түзетуге тырысқанша, күш-қуатыңызды халық пен қаланың игілігіне жұмсағаныңыз абзал. Кеңестік әдістерден аулақ болып, өзіңді өзгерт”, – деді өнер иесі. 

Айта кетейік, Қазақстанның екі облысында су тасқынының екінші кезеңі болатыны хабарланды.

 

Талқылау