Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісі кезінде "дабыл сөмкесіне" не салу керек?

Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Әнуар Юсупов жер сілкінісіне қалай дайындалып, "дабыл сөмкесіне" қандай заттар салу керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі хабарлайды.  

ТЖД өкілі "дабыл сөмкесін" үйдегі қарапайым рюкзакқа, сөмкеге немесе чемоданға жинауға болатынын атап өтті.

"Біріншіден, алғашқы көмек көрсететін қажет дәрі-дәрмек салынған медициналық жәрдем қобдишасы, жылы киім, қолшам, консервілер мен батырмалы телефон болуы керек. Оның қуаты бар болса, бір апта немесе тіпті 10 күн жұмыс істей алады. Сондай-ақ міндетті түрде ысқырық болуы шарт. Себебі Түркиядағы жер сілкінісінің тәжірибесіне сүйенсек, бір минут үнсіздік жарияланған кезде адамның қай жерде екенін ысқырық арқылы білуге болады. Ол әр алматылықтың дабыл сөмкесінде болуы қажет", — деді Әнуар Юсупов.

"Дабыл сөмкесі" - төтенше жағдай кезінде қажет заттар салынатын жиынтық. 

Алдымен өзіңізбен бірге алып жүруге не алу керек:

  • ақша, құжаттар;
  • алғашқы көмек қобдишасы;
  • су күніне бір адамға 3-4 литр, жазда 5-6 литр;
  • консервілер, жоғары калориялы тағамдар;
  • жеке гигиена заттары;
  • жылы киім, көрпе;
  • керек-жарақтар (телефон, радио, қолшам, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық және басқа керек-жарақтар).

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау