Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісі: Алматылық такси жүргізушілері бағаны 50 мыңға дейін көтеріп жіберген

Алматыда жер сілкінісінен кейін такси жүргізушілері бағаны екі есе шарықтатып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ашық дереккөз

Биік тұрғын үй кешенінде тұратын адамдар жер сілкінгенде қала сыртына ағылған. Алматы көшелерінде және жанар-жағармай құю бекеттерінің маңында көліктер кептелді.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде такси жүргізушілерінің жол жүру бағасын екі есе қымбаттап жібергені туралы ақпарат тарады. Жүргізушілер қала сыртына жеткізу үшін бағаны аспандатып жіберген. 

Мәселен, Ұзынағашқа әдетте 2000 теңгемен баратын таксистер, қазір 20-50 мың теңгеге дейін сұрап отыр. Бұл желі қолданушыларының ашуына тиді.

"Бағаны 40 мыңға дейін көтерген. Ел басына күн туғанда көмек берудің орнына", “Біреулерді бақытсыздық асырайды” демекші, тексіз таксистер Алматыдағы ажиотажды пайдаланып, аспандағы бағаны айтып жатыр екен", - деп жатыр әлеуметтік желі қолданушылары.

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау