Қайрат Сатыбалдының 120 миллион долларға бағаланатын активтері шетелден Қазақстанға қайтарылды
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының 120 миллион долларға бағаланған активтері шетелден Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдауда.
Тек 2023 жылдың желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қ. Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшалай қаражатын қайтаруды қамтамасыз етті”, – делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің таратқан ақпаратында.
- Сот Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа шешім шығарды
- Сот Қайрат Сатыбалдының мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады
Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілген.
Осылайша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз еткені атап өтіледі.
“Бұрын айтылғандай, олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары, соның ішінде шетелден алынған қаражаттар кіреді. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда”, – деп қосты аталған агенттік.