Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алшын" руы қазаққа жатпайды: Тарихшылар желіде таралған шулы видеоға қатысты пікір білдірді

Желіде Алшын руын қазақтан бөлек ұлт ретінде көрсететін видео пайда болды. Кадрлардан аталған рудың ұлттық киімі мен түр әлпеті қазақтан бөлектеу болғанын бейнелейтін суреттерді байқауға болады. Осыған орай Stan.kz тілшісі тарихшылардың пікірін сұрап көрді. 

Фото: Видеодан алынды

“Ұлт ретінде бәріміз – бір қазақпыз”

Тарихшы Батыржан Сейдомардың айтуынша, тараған деген сөз дұрыс емес, ұлт ретінде бәріміз бір қазақпыз. 

"Жүз" деген тұңғыш рет Есім хан кезінде облыс ретінде пайда болған. Тәуке хан кезінде жүздер егемендік алған. Ал осыған дейін батыста "алшын" және "жетіру" тайпалары екіге бөлінген. Жүздер пайда болған кезде "алшын" деген атау жойылып Байұлы-Әлімұлы деп бөлінген. Былайша айтқанда бұл – аудандық бөлініс. Кім кімнен тараған деген дұрыс емес. Ұлт ретінде бәріміз бір қазақпыз деп ХХ ғасырда атадық. Ал ұлт деген дүниежүзінде ХІХ ғасырда енгізілген – саяси атау. Бізде "рулар" (ИП) бірігіп "тайпа" (ТОО) құрған. Тайпалар бірігіп "орда" (холдинг) құрған. Сақ, ғұн, түрік, моңғол ұлттары орда болмаған. Соңғы біздің біріккен орда –  қазақ. Мысалы мен тараған Беріш тайпасы алшында болған, Ноғай ордасын құрған. Қазір қазақ, ноғай (берч), башқұрт (бурзян), украин (буршевич), мадьяр (венгр-береш), серб (берш), румын (береш) ұлттарында бар. Ақтабан Шұбырынды болғаннан кейін қалып қалған беріштер арғын мен албан ішінде де бар", - деді тарихшы Батыржан Сейдомар. 

“Алшын деген атақты халық деп ешбір тарихта жазылмаған”

Мәдениет қайраткері, белгілі археолог Марат Тұяқбаевтың сөзінше, ұлт болу үшін олардың тілі, түрі, діні, әдет-ғұрпы басқа, әрі өз мемлекеті болу керек. 

"Қазақта 45 ірі тайпа бар. Әр тайпаның ішіне басқа рулар еніп кеткен. Мысалы арғын деген үлкен тайпаның құрамына тарақтылар кірген. Тарақтыны арғындар қатты құрметтеп, төріне отырғызып, сыйлайды. Мысалы Махамбет Өтемісұлының атасы Қызылбас болған. Қызылбас деп парсыларды-иранды атайды. Иран мен қазақ баяғыда соғысқан. Мысалы Қобыланды батыр жырында қызылбастармен соғыс баяндалады. Сондай шайқас кезінде V-XVI ғасырларда тұтқынға түскен. Сол кезде қазақтарға үйленіп, бір бақырлы қазақ болып кеткен. Сондықтан олар қанша өзгергенімен қаны сақталады. Мысалы қожалар өздерін қазақ емеспіз дейді. Қазаққа кірмейтін 5 ру бар. Олардың қанын қанша тексерсең де қазаққа келмейді. Олар: қожа, төре, төлеңгіт, сунақ. Сол сияқты алшынды басқа ұлт деп айту дұрыс емес. Ұлт болу үшін олардың өз тілі, түрі, әдет-ғұрпы өз мемлекеті болуы керек еді. Мысалы қытай халқы 3 мыңнан аса тайпадан құралып, өздерін хан-су деп атайды. Бірақ оңтүстігі-солтүстігін, батысы-шығысын мүлде түсінбейді. Соған қарамастан олар бір ұлтпыз деп отыр. Мысалы, қазақтардағы 45 тайпаның 80-нен аса таңбасы бар. Оған қоса әр рудың өз ұраны бар. Әр тайпа өзін тарта беретін болса трайбализм болады. Әркім өз жағына көрпесін тарта беруі аяғы жақсылыққа апармайды. Алшын деген атақты халық деп ешбір тарихта жазылмаған. Жай ғана бір тайпа болған", - деді тарихшы Марат Тұяқбай. 

“Алшындар хромосомасы бойынша қазақтардан ерекшеленеді”

Ал тарихи зерттеулерді генетикамен ұштастырып жүрген ғалым Жақсылық Сәбитовтың айтуынша, алшындар хромосомасы бойынша қазақтардан ерекшеленеді. 

"Алшындардың аутосомасы жағынан басқа қазақтардан еш айырмашылығы жоқ. Ал хромосомасы бойынша қазақтардан сәл ерекшеленеді", - деді тарихшы Жақсылық Сәбитов. 
Талқылау