Жеке шотынан 37 миллиард теңге алған: Қайрат Сатыбалдының қаржыларын заңдастырған сыбайласына іздеу жарияланды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының есепшотынан 37 миллиард теңге шешкен сыбайласына іздеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлының аса сенімді адамы – Қазақстан азаматы Эфенди Кемаль анықталды. Ол 1983 жылы туған және бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың құрылтайшысы және директоры қызметін атқарған.
Эфендидің қылмыстық рөлі кеден саласындағы мәселелерді шешу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру (жылыстату) болды.
Ол үшін оған Қ.Сатыбалдыұлы шоттан ақша алуға сенімхат берген. Мәселен, Эфенди 2018 жылдың шілдесі мен тамыз айында 3 күн ішінде Қ.Сатыбалдыұлының жеке шотынан қолма-қол 37 миллиард 62 миллион теңге ақша алған.
2022 жылдың ақпан айынан бастап Эфенди Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып, қылмыстық қудалау органына келуден жалтарып жүр.
Еске салайық, Астанада Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 22 қыркүйек күні онлайн режимде өткен сотта прокурор Нұрсұлтан Назарбаевтың жиеніне мүлкін тәркілеу арқылы 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.