Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазықсыз адам сотталып, өлтіргендер бостандықта жүр": Оралда кісі қолынан қаза тапқан ер адамның туыстары сот шешімімен келіспейді

Оралда кісі өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Алайда марқұм мен сотталушының туыстары сот шешімімен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: mgorod.kz

14 сәуір күні мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта айыпталушы Мейірімбек Серікұлына қатысты үкім жарияланды. Ол “кісі өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол өзінің ең жақын досы Тұрарбек Кенжегалиевті қатыгездікпен өлтірген.

Алайда іске қатысқан барлық тараптар, соның ішінде марқұмның отбасы да сотталушының кінәсіз екеніне сенімді. Марқұмның анасы Тұрсынай Рахимованың айтуынша, ұлы физикалық тұрғыдан өте мықты болған, сондықтан оны жалғыз адам өлтіру мүмкін емес дейді. 

“Бүгін Тұрарбектің досын соттады. Мен бұл үкіммен мүлде келіспеймін. Сот әділетсіз өтті. Менің ұлымды Жандос пен Айбат дегендер өлтірді. Неліктен олар жауапқа тартылмайды?! Барлық дәлелдер бар! Ұлымды өлтіргендер бостандықта жүр. Ал жазаны ең жақын досы арқалап кетті. Біздің елде әділдік жоқ. Мен тек әділдік сұраймын, барлық мекемеге барамын, барлық органдарға жетемін, бірақ ұлымның өліміне кінәлілердің жазалануы үшін соңына дейін барамын”, – дейді әйел.



Сотталған Мейірімбектің інісі Ғасыр Серікұлы өз бетінше тергеу жүргізіп көргенін айтады. Оның айтуынша, ол бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген екі ер адамды анықтап, тапқан. Олар таныстарының үйінде жасырынып жүріпті. Алайда полицейлер оларды ұстамаған. Тіпті ер адамдардың бірі қылмысқа қатысы барын мойындағанына қарамастан, ешқандай әрекет жасалмаған.

“Кінәлілердің бірі маған өзі қылмысын мойындады, тіпті бізде сол әңгіме жазылған аудиожазба да бар. Сол кезде қасымызда учаскелік полицейлер де болды, олардың жетондарында бұл әңгіме жазылып тұруы керек еді, бірақ бұл да ескерусіз қалды. Іс біржақты тергелді, оқиға болған жердегі бейнебақылау жазбалары қиылып, тек өздеріне тиімді бөліктері ғана көрсетілді. Менің ойымша, тергеуші істің басында-ақ қателікке жол берді, бірақ оны түзетуге тырысқан жоқ”, – дейді Ғасыр Серікұлы.

Сотталушының анасы Тұрсын Кабенова да ұлының кінәсіз екеніне сенімді. Ол сот отырыстарына қоғамдық қорғаушы ретінде қатысқан. 

“Мен барлық сот процесіне ұлымның қоғамдық қорғаушысы ретінде қатысып, іс материалдарымен таныстым, куәгерлерді тыңдадым. Ұлымның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір нақты айғақ жоқ. Пышақта саусақ ізі жоқ, марқұмның тырнақтарының астынан да ұлымның биоматериалы табылмаған. Ұлымның өзі де өлім аузынан қалған, оның басын жарып кеткен, көршілер оны кіреберісте қансырап жатқан жерінен тауып алған. Бірақ ешкім біздің уәжімізге құлақ аспады. Тергеушілерге бір адамды кінәлі етіп, соған бәрін жаба салу тиімді болды. Ешкім өз міндетін адал атқарғысы келмейді. Әділетті Қазақстанымыз қайда?! Біз енді кімге сенеміз?! Кімге үміт артамыз?!” – дейді Тұрсын Кабенова. 

Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген, шешімге қарсы шағымдануға болады. 

Еске салсақ, бұған дейін Орал тұрғыны ең жақын досын өлтірді деп айыпталғаны туралы жазған едік. 

Талқылау