Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас қазақстандықтардың саяси белсенділігінің артқаны қуантады – "AMANAT" партиясы жастар қанатының төрағасы

Биыл “AMANAT” партиясы жастар қанатының (бұрынғы “Jas Otan” – ред.) құрылғанына 22 жыл толып отыр. Бүгінде 100 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктіретін және еліміздің әрбір аймағында филиалы бар Жастар қанаты – Қазақстандағы ең танымал және ең ірі ұйым. Құрылған күннен бастап жастар мәселесін шешу мен еліміздің дамуына сындарлы іс-шараларды жүзеге асырып келе жатқан “AMANAT” партиясы жастар қанатының жұмысы, алдағы жоспарлары жайлы ұйым басшысы Нұржан Жетпісбаев айтып берді. 

Нұржан

“AMANAT” жастар қанатынының төрағасы Нұржан Жетпісбаев

 Жастар қанатының құрылғанына биыл 22 жыл болыпты. Осы 22 жылда қандай табыстарға жете алдыңыздар?

– “AMANAT” партиясы жастар қанаты– республика бойынша 100 мыңнан аса жастың басын біріктірген бірден-бір ұйым. 2,5 миллион жасты қамтыған 10 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның 100-ден астамы – республика деңгейіндегі ірі жобалар. Жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында "Сәтті қадам" және "Жастар кадрлық резерві" жобалары іске асырылды. "Nurintech" жобасымен 3 мың жас ғалымға қолдау көрсетіліп, "English for Jastar" жобасы бойынша ауыл оқушыларына ағылшын тілі тегін оқытылды. 

Жоғары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін "Таза сессия" акциясын өткізу ісі тұрақты шараға айналды. Сондай-ақ студенттердің жатақханалардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мониторинг жасалып, нәтижесінде 11 мың білім алушы орналасқан 30-дан астам жатақханада қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

 Жастар арасында қандай мәселелер көтерілді және барлығы оң шешімін таба алды ма? Олардың ішіндегі ең өзектісін атасаңыз? 

– Республика бойынша жастардың саны 3,7 миллионға жуық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастар арасында көтеріліп, шешімін тапқан және әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес. Осыған дейін Жастар қанатының ресми, бейресми жиындарында, түрлі шаралар барысында жастардың мәселелері тыңдалды. Тиісінше оны арнайы органдарға жеткізді.

Мысалға айтар болсам, 2020 жылға дейінгі "Жастар – Отанға! Жастардың жетістік жолы" бағдарламасы аясында 2016 жылы елімізде тұңғыш рет "Волонтерлік қызмет туралы" заң қабылданды. Бұл 30 мыңнан астам азаматты біріктіріп, 200 волонтерлық ұйым мен қозғалыстар жұмысын жандандыруға септігін тигізді. Қазіргі таңда еріктілік қызмет қарқындап дамып, қоғамның бір бөлшегіне айналуда. Волонтерлікпен көп жағдайда студент жастар айналысады. Жастардың сұрауымен бекітілген бұл заңға Жастар қанаты ықпал танытып, үлесін қосты деп айта аламын.

Сонымен қатар қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында "Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша заң жобасына" толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатыр. Қазір жастар арасында өзекті болып тұрған мәселелерді енгізіп, оларды заң жүзінде қарастырып, шешу жоспарланып отыр.

"AMANAT" партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңесінің отырысында жастар арасындағы түйінін таппай жүрген мәселелерді де көтереді. Атап айтар болсам, "Дипломмен – ауылға", "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!", "Серпін – 2050", "Жас кәсіпкер", "Бастау бизнес" мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың тиімділігі туралы ұсыныстары тыңдалды. Одан бөлек, "Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту" бағытының іске асырылу барысы туралы, жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша өңірлік бағдарламалар құру бойынша сұрақтар көтерілді.

 Жастар арасында әлі де түйіткілді болып тұрған қандай мәселелер бар? Бұл мәселелерді шешуде Жастар қанаты қандай қадамдар жасады?

– Қазіргі таңда бірінші ретте қолжетімді баспана мәселесі жастарды алаңдатып отыр. Ал студенттер арасында жатақхана жағдайын айтуға болады. Сондай-ақ елімізде жұмыссыз жастардың да мәселесі ақсап тұр.

2021 жылы Жастар қанаты 2025 жылға дейінгі "Жастар – Отанға!" бағдарламасын қабылдаған болатын. Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында облыстық, қалалық және аудандық Жол карталары әзірленді. Осы жол картасында "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту", "Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана" бағыттары бойынша мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыстар жасалуда. Әрі жол картасындағы барлық көрсеткіштердің орындалуы партия жанындағы қоғамдық кеңестерде қаралып, бақыланады. Жоғарыда айтып кеткен бағдарлама аясында 2021 жылдың қорытындысы бойынша жастар практикасына 26,6 мың адам жіберілді. Ал 1 759 жас "Бірінші жұмыс орны" жобасы бойынша жұмысқа орналастырылды.

 Жастардың саяси белсенділігін қалай бағалайсыз және саяси белсенділікті арттыру үшін қандай міндеттер атқарылды?

– Осыдан 3-4 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір жастардың анағұрлұм саяси белсенділігі, саяси сауаттылығы артты. Олардың саясатқа қызығып, елде, әлемде не болып жатқанына саяси көзқараспен қарауы қуантады. Бізде партия жанында "Саяси менеджмент мектебі" жұмыс жасайды. Мектеп аясында жыл бойына түрлі сала бойынша тренинг, оқулар өтеді. Саяси сауаттылықты да қарастырады. Тренингке әр аймақтан жастар қатысады. Оқулар аясында түрлі кейстер қаралады. Сонымен қатар Жастар қанатыныің "Jas Otan Cases" жобасы аясында саясаткерлер және саясаттанушылармен TEDx форматында кездесулер өтіп тұрады.

– Ұйымға мүше жастар қандай артықшылықтарға ие? Жалпы “AMANAT” партиясы жастар қанаты жастар үшін несімен тартымды? 

– Біздің ұйым – әлеуметтік лифт. Қоғамда кірпіш болып қалануда алғашқы баспалдақ. Ел болашағы, халық қамы үшін жұмыс жасаймын деген жастарды біріктірген орта. Жастар қанатында еңбек жолын бастап, кәсіби тәжірибе жинаған бірқатар жастарымыз қазір ел мақтар тұлғалар болып қалыптасты. Мемлекеттік органдарда өзіндік орны бар қызметте. 

 Елімізде еріктілер қозғаласы қарқынды дамып келеді. 2020 жыл да "Еріктілер жылы" деп жарияланған болатын. Жалпы ұйым мүшелері волонтерлік науқандарға жиі қатыса ма? Осы жайлы айта отырсаңыз. 

– Волонтерлік белсенділікпен қатар жүретін ұғым. 2021 жылдың сәуір айында “AMANAT” партиясы Жастар қанаты жанынан "Biz Birgemiz" волонтерлар қозғалысы құрылды. Қозғалыс пандемия кезінде бастау алған "Біз біргеміз!" жалпыұлттық акциясының жалғасы болып табылады. Республикамыз бойынша 17 аймақтан 15 000 волонтердің басын біріктіріп, қазіргі таңда қозғалыс өз жұмысын жасауда. Елімізде орын алған төтенше жағдайлар басқа да шараларда біздің волонтерлер бірінші қатарда болып, көмек көрсетеді. Пандемия салдарынан орын алған күрделі кезеңде жасотандық белсенділер де ортақ істен сырт қалмады.

"Біз Біргеміз!" акциясына 5 мыңнан астам жасотандық волонтер жұмылып, 320 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін, 100 мың отбасыға 5 миллион медициналық масканы тегін таратты. Мақтааралда орын алған төтенше жағдайда белсенді волонтерлар 30 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіп, мың тоннадан астам гуманитарлық көмекті үлестіруге қатысты. Түркістан облысында жауын-шашын салдарынан су басқан елді мекендерде жасотандықтар күні-түні апатты жою бойынша жұмыстар атқаруда.

 "Балалар жылы" қарсаңында қандай шараларды жүзеге асыру ойда бар?

– Балалар жылы аясында бірқатар шараларды өткізу жоспарда бар. Солардың ең –көлемдісі деп "Asyl auen" жобасын айтуға болады. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі балаларға музыкалық терапия арқылы бейімделуі мен әлеуметтенуіне көмек көрсетуді көздейді.

– “AMANAT” партиясы жастар қанатының келешекке деген қандай жоспарлары бар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын негізге ала отырып Жастар қанаты жұмысты бастап кетті. "AMANAT" партиясының съезінде партияның Атқарушы хатшысы А. Оралов жеті басымдықты қамтитын партияны жаңғырту жоспарын ұсынды. Бағдарламада көрсетілген жеті басымдықтың бірі жастарға бағытталған. Осыған байланысты Жастар қанаты өзекті мәселелерді шешу үшін жаңа бағыттарды белгіледі және бірінші ретте жастармен жұмыс бойынша жүйелі жобалар іске асыратын болады. Атап айтсақ: "Orleu", "Qaisar" әскери-патриоттық және "TazaLike" партиялық жобалары.

“ТазаLike" партиялық жобасы экологиялық мәдениет пен ойлауды, өмір салтын қалыптастыруды көздесе, "Qaisar" әскери-патриоттық жобасы  патриотизмге, жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге тәрбиелеу және әскери қызметтен жалтаруды жоюға бағытталған. Ал "Orleu" – ауыл жастары үшін әлеуметтік лифт. Ауыл жастарының әлеуетін толыққанды ашуды қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасау мақсатында жүзеге асатын болады.

Айта кететін тағы бір маңызды жайт. Алдағы уақытта Жастар қанатының съезін өткізу ойда бар. Съезд барысында ұйымға жаңа атау беру қарастырылып, толықтай ребрендинг жасалады. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын ұйым мүшелері қатысатын бұл шарада жастарға арналған жаңа бағдарлама/стратегия қабылданып, Орталық кеңес мүшелерін жаңартылмақ.

Талқылау