Жасөспірім қызды тізе бүктіріп, соққыға жыққан: Полицейлер Шығыс Қазақстан мектебіндегі буллингті жоққа шығарды
Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушысына жасалған әлімжеттік туралы түсініктеме берілді. Оқушының эмоционалдық салдарын жеңілдету үшін психологтар жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Уk-news.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қазан айының басында әлеуметтік желілерде Зайсан ауданында түсірілген видео тарады. Онда оқушы қызға құрдастары тарапынан әлімжеттік көрсетіп жатқаны байқалды.
Айта кетейік, бұрын бір-бірімен таныс емес екі 11-сынып оқушысы паркте кездескен. Кездесуге біреуі құрбыларымен бірге келіп, құрбысын тізерлетіп қойып, бетіне соққы жасаған. Қыздан кешірім сұрауды және бірнеше мың теңге беруді талап етеді. Оқиға телефонға түсірілген. Соңында қыз біреуге шағымданса, жазалаймыз деп қорқытқан.
Басылым жазбасында оқиғаның ары қарай өршіп кетуіне агрессорлардың өздері кінәлі екені айтылған. Олар өздерінің "ерліктерінің" видеосын әлеуметтік желілерде жариялап жіберді. Жазба кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспектордың көзіне түсіп, жасөспірімдер қиынға жағдайға тап болды.
"4 қазанда Зайсан аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандарға қатысты бопсалау фактісі бойынша алдын ала тергеу бастады. Қазір тиісті сот сараптамалары тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдер мектепішілік есепке қойылып, Зайсан аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясында қаралды. Жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды", – деді полиция департаментінің орынбасары Қазбек Тақжанов.
Құқық қорғаушылармен қатар білім органдары да жағдайға араласты. Зардап шегушімен мектеп психологтары жұмыс істеп, оқиғаның эмоционалдық салдарымен күресуге көмектесіп жатыр. Жәбірленушінің анасы қосымша көмекке қажеттілік жоқ екенін айтады. Қиянат жасаған қыз бұған дейін де тәуекел тобында болған және оның мінез-құлқы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қарауына алынған.
"Бұл инцидент буллинг ретінде сараланбайды және полиция органдарымен қылмыстық заңнама шеңберінде қарастырылып отыр. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясы заңсыз әрекеттер жасаған кәмелетке толмаған қызды Серебрянск қаласындағы девиантты мінез-құлықтары бар балаларға арналған арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылдады", – деді білім басқармасының жетекшісі Иннеса Чернышёва.
Жарияланған видеода не болғаны және басқа қыздар қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы тергеу барысында анықталады.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер оқушы қызды ұрып-соғып, кешірім сұрауға мәжбүрлегенін жаздық. Оқушыны бопсалап тұрған үш қыздың бірі видео түсіріп тұр. Қалған екеуі темекі тартып, қызға аузына келгенін айтып, тіл тигізді. Олардың бірі қызды бірнеше рет бетінен ұрып жіберді. Видеодан оқушы қыздың “қыздар, ұрмаңдаршы, өтінемін” деп жалынған даусын естуге болады. Жасөспірімдер қызды тізерлеп кешірім сұрауға мәжбүрлеп, 20 мың теңге ақша беруге міндеттеді.