"Спираль салған": Шымкенттегі интернатта мүгедек қызды 9 жыл бойы зорлап келген
Шымкентте қалалық интернатта мүгедектігі бар қызды зорлауға қатысты істі тергеп жатыр. Жәбірленушінің анасы Әлия Мамутова интернатта 40-тан астам қызға жасырын түрде спираль қойғанын мәлімдеді. Мекеме қызметкерлерінің ақпаратты растағанына қарамастан, әйелдің айтуынша, тергеу кешеуілдеп тұр. Ал Шымкент полиция департаменті бұл факті бойынша қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Шымкент тұрғыны жалғыз басты ана Әлия Мамутованың үндеуі Telegram-арнада пайда болды.
Оның айтуынша, бірінші топтағы мүгедек қызы 1992 жылы туған. Кейіннен мүгедектігіне талма ауруы қосылған. Әлия қызын қарауға шамасы келмейтінін түсінген кезде оны 2011 жылы №2 мүгедектерге арналған қалалық интернатқа берген. Оның үстіне әйелдің тағы екі баласы болған, оларды асырау үшін жұмыс істеуі керек еді, себебі - жалғыз асыраушы.
2020 жылы 8 қарашада әйел қызын көруге барған. Анасының сөзініше, қызы мазасыз көрінген. Сұрақ қойғаннан кейін қыз өзіне спираль салғанын айтқан.
"Ол айтты: "Осы жазда дәрігер-ағай мен дәрігер-апай енді укол болмайды деп, спираль салды". Мен кезекшіден басшылардың бірін шақыруды өтіндім. Бірақ маған жексенбіде басшылық болмайды деп жауап берді.
Маған психологты шақырды. Одан қыздарға спираль салғаны рас па деп сұрадым, мынадай жауап алдым: "Иә. Біз бұл әдісті басқа 43 қызға да қолдандық. Егер спираль салмасақ, олар жүкті болуы мүмкін".
Үстіме мұздай су құйғандай болды. Ондағы науқастардың барлығы бірінші және екінші топтағы мүгедектер. Олар кімнен және қалай жүкті болуы мүмкін? Неліктен оларға жасырын спираль қою керек? Неге біз білмейміз? Сол 43 қыздың ата-анасы мен туыстары да білмейді. Ешкім естімеген", - деді Әлия.
Әлияның айтуынша, қызының 2011 жылғы медициналық картасында оның пәк болғаны, ал 2012 жылы оған спираль қойылғаны жазылған.
Qumash Telegram арнасы Әлияның қызы жеті жыл бойы зорлық-зомбылық көргенін жазды.
"Болжам бойынша, оның денесін есінен танып қалған кезде пайдаланған, қыз эпилепсиядан зардап шегеді. Сонымен қатар мекеме қызметкерлері анасына хабарламай спираль қойды", - деп жазады Telegram арнасы.
Полиция Шымкенттегі интернатта зорлау фактілерін растаған. Алайда, жәбірленушінің анасының айтуынша, өтініш жазылғаннан бері үш ай өтсе де тергеу бір орында тұр.
"19 қарашада мен полицияға арыз жаздым. Тергеу жұмыстары 2020 жылдың 21 қарашасында басталды. Тергеу басталған кезде маған шу шығармаңыз және еш жерде жарияламаңыз деді. Тергеу мені қанағаттандырмайды, нәтиже жоқ. Үш ай өтті. Мен бұдан әрі шыдай алмаймын", - деді ол.
Шымкент полиция бөлімі қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Шымкент ПД қызметкерлері жергілікті тұрғынның қызына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы арызы бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы "бірнеше рет жасалған Зорлау"бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда. Тергеу тиісті сараптамалар мен бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізді. Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде 2010 жылдан бері жұмыс істеп жүрген барлық ер адамдардан жауап алынады", - деп түсіндірді Шымкент ПД.
Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, деп толықтырды полиция.