Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жасыл ел" – еңбек пен тәртіптің мектебі: Елордада жастар еңбек жасақтарының XXI маусымының ашылу салтанаты өтті

Астана қаласында дәстүрлі "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл ауқымды жоба Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді.

Биылғы маусым ерекше ауқымымен және әлеуметтік бағыттылығымен ерекшеленіп отыр. 14 пен 35 жас аралығындағы 5 200-ге жуық астаналық жас жазғы еңбек маусымында жұмыспен қамтылмақ. Жобада, әсіресе, көп балалы және әлеуметтік-аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық берілген. Жастар жазда арнайы жұмыс формасымен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, орта есеппен 64 564 теңге жалақы алады.

"Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" ұранымен басталған биылғы еңбек маусымында жастар қаланы көгалдандыру, саябақтар мен мектеп аулаларын тазарту, арамшөптерді жұлу және ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады. Кәмелетке толмаған қатысушылар ҚР Еңбек кодексіне сай күніне 4 сағат, аптасына 5 күн еңбек етеді. Ал колледж және ЖОО студенттері еңбек процесіне толыққанды қатысады.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдардың айтуынша, былтыр бағдарлама аясында 4200 жас жұмысқа тартылса, биыл бұл көрсеткіш 1000 адамға артқан. Жоба тек табыс табуға ғана емес, жастарға еңбек мәдениетін үйретіп, оларды қоғам үшін пайдалы іске баулиды.

"Биылғы еңбек маусымында елордалық жастар "Жасыл ел" жобасы аясында жұмыспен қамтылып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды еңбекке баулу, жұмысшы мамандықтарын ерте жастан таныстыру.  Жастардың жазғы еңбек маусымы 4 айға созылады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Алдымен әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан жастарға басымдық беріледі. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақыты – күніне 4 сағат, аптасына 5 күн. Еңбек кодексіне сәйкес, бұл – денсаулыққа зиян келтірмейтін жұмыстар. Мектеп оқушылары мектеп аумағында арнайы бөлінген жерлерде әлеуметтік мұғалімдердің жетекшілігімен жұмыс істейді. Ал кәмелет жасына толған жастар қаладағы саябақтар мен гүлзарларда еңбек етеді. Жоба аясында әлеуметтік осал топтардан шыққан жастар 4 ай жұмыс істей алады, ал басқа санаттағы жастар үшін жұмыс мерзімі – 1 ай. Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Сонымен қатар бұл шаралар "Таза Қазақстан" экологиялық акциясымен ұштастырылып отыр. Осыған орай, жастар зауыттар мен фабрикаларда, өндіріс орындарында түрлі іс-шараларға қатысып, нақты еңбек процесімен танысады. Басты мақсатымыз – жастарды еңбекке баулу, оларды жұмысшы мамандықтармен ерте жастан таныстыру", – деді Е.Айдар.

Жобаға қатысушылардың айтуынша, "Жасыл ел" – бос уақытты тиімді өткізіп, табиғатты аялаудың маңызын ұғынуға үлкен мүмкіндік.

"Биыл "Жасыл ел" бағдарламасына алғаш рет қатысып жатырмын. Бұл жоба туралы алдымен интернеттен оқып білдім, кейін жұмыс істеуге ниет білдіріп, тіркелдім. Бізге бекітілген жұмыс – мектеп ауласын қоқыстан және арамшөптерден тазарту. Сонымен қатар тал егіп, оларды суару жұмыстарын атқарып жатырмыз. Осындай жобалар қазіргі таңда өте маңызды деп ойлаймын. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау – әрбір адамның міндеті. Өкінішке қарай, кейбір жастар экологияның маңызын толық түсіне бермейді: көшеге қоқыс тастап, ағаштарды сындырып кетеді. Біз осы жұмыс арқылы табиғатты қорғаудың маңызын түсініп, өзгелерге үлгі бола аламыз деп ойлаймын. Қала тұрғындары бізге алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруде – бұл біз үшін үлкен мотивация", дейді жобаға қатысушы әрі 11-сынып оқушысы Қамбар Жансезім.

Астанадағы колледждің 2-курс студенті Алдаберген Ержан "Жасыл ел" жобасының маңызы зор екенін, бұл бағдарламаға қатарынан екінші жыл қатысып жатқанын айтады. 

"Мұнда түрлі қызықты іс-шаралар өтеді, достарымызбен бірге жұмыс істеп, табиғатқа өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл – бәріміз үшін пайдалы: қаламыз көркейіп, тұрғындар таза ауада серуендеуге мүмкіндік алады. Бос уақытымызды тиімді пайдаланып, ата-анамызға да, өзімізге де пайдамызды тигізіп жатырмыз. Жобадағы жұмысымыз – айналаны қоқыстан тазарту, ағаштарды суару, арамшөптерді жұлу. Бұл – аса ауыр жұмыс емес. Осы еңбегіміз арқылы қоғамға өз үлесімізді қосып жатқанымызды мақтан тұтамын", - дейді ол.

"Жасыл ел" – жастарды еңбекке баулып, жауапкершілік пен тәртіпке үйрететін, қоғамдық сананы тәрбиелейтін бірегей әлеуметтік жоба. Ол жастардың экологиялық мәдениетін арттырып, туған қаласына деген сүйіспеншілігін оятады. Астанада басталған еңбек маусымы – еліміз бойынша жастар белсенділігінің жарқын көрінісі.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 09:30
Талқылау