"Жарты жылда екі рет қоңырау шалды": Қостанай әкімі телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздағанын айтты
Қостанай әкімі Марат Жүндібаев аппарат кеңесінде телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздағанын айтты. Сөзінше, алаяқтар одан телефон арқылы банк картасының нөмірін сұраған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Менің өзіме жарты жылда екі рет қоңырау шалды. Бір қоңырау Украинадан болды, олар картамды бұғаттауды сұрады. Екіншісін ұмытып қалдым. Яғни ғаламтор және телефон арқылы жұмыс істейтін алаяқтар өте көп", – деді әкім Марат Жүндібаев.
Әкім полицейлерден мұндай оқиғалардың алдын алу шараларын күшейтуді, ал тұрғындардан барынша абай болуды сұрады. Жыл басынан бері аймақта 30-дан аса алаяқ анықталыпты, олар 140-тан аса қылмыс жасаған. Жартысынан көбі Украина және Ресей тұрғындары.
Алаяқтықтың ең көп тараған түрі – жоқ тауарды ғаламтор арқылы сату. Тәртіп сақшылары қазір ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда қылмыстық топтар алдаудың жаңа жүйесін ойлап тапқан. Мәселен, белгісіз біреулер телефон арқылы 76 жастағы Қостанай тұрғынын 10 миллионнан астам қаражатын аударуға мәжбүрлеген. Тіпті зейнеткерді үйін сатып жіберуге де көндірген.
"Олар зейнеткерге алаяқтардың үйін сатылымға қойғанын айтқан. Үйсіз қалмау үшін тез арада үйді сатуға кеңес берген. Бірден сатып алушы табылып, 85 шаршы метр болатын үйін 13 миллион теңгеге сатыпты. Ал ақшаны алаяқтардың есепшотына аударған", – деді полиция қызметкері Нина Ахмадеева.