"Жар таңдаудан қателеспедім": Мейрамбек Бесбаевтың әйелі жан тебірентерлік жазба жариялады
Танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың жары, дизайнер Мархабат Бесбаева осыдан 20 жыл бұрынғы сәтті есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Шілде айы өнер иесінің шаңырақ көтерген күні екен.
“Бүгін бізге 20 жыл. 8.07.2004 – 8.07.2024. Біздің үйлену тойымыз болған күн. Мен сол бір тамаша күнді жиі еске аламын. Жадымдағы жылы естеліктер жүрегімнің түбінде сақтаулы. Қызығы мен қиындығы қатар қаншама сәттер болды. Қанша сынақтан сүрінбей өттік. Осының бәрі тағдырдың бізге берген сыйы. Аллаға шүкір! Мен жар таңдаудан қателеспеген бақытты жанмын. Жаным менің, саған күш-қуат пен сарқылмас төзім тілеймін. Біздің отбасымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін істеп жатқан еңбегің үшін, бізді алақаныңда ұстап аялағаның үшін мың алғыс. Біздің бақыт пен қуанышқа толы күндеріміз әлі алда”, – деп жазды әншінің жұбайы.
Айта кетейік, өнер иесі жарымен қалай танысқанын айтып берген еді.
“Мархабат мені таныған жоқ. Орысша сөйлеп, орысша тәрбиеленген екен. Үйленгеннен кейін қазақша сөйлеп, қазақы ортаға сіңіп кетті. 18 жасқа толғанын күтіп, шаңырақ көтердік. Жастық кезең ешқашан ұмытылмайды. Үйленетін күні ұшып келдім Астанадан. 2004 жыл, 8 шілде – үйленген күніміз. Ол кезде тойға үлгермей қаламын деген ой жоқ. Той-томалақ, концерттерден қалмаймыз. Бір күнге бас тарту да ойға келмепті. Енем менің қызына деген сезіміме сенбеген. “Қызымның жасы 17-де, алайын деп тұрған адамы – әртіс. Тойы болатын уақытта ұшып-қонып жүр. Сенім артуға болатын дұрыс адам ба?” деп сұрапты. Қазір енемнің сүйікті күйеу баласымын. Мархабатқа да ризамын”, – деген еді әнші.
Еске салайық, "Ешқашан тастаған емеспін" деп Мейрамбек Бесбаевтың әйелі отбасылық құпияны бөліскен еді.