Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жандосос деген кім, түзейтін маман жоқ па?": Қате жазылған жол белгісі алматылықтардың күлкісін келтірді

Алматыда "Жандосов" көшесінің атауы жол белгісінде “Жандов”, “Жандососова” деп қате жазылған. Ерекше жол белгісі әлеуметттік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фотоны редакцияға оқырмандар жіберген

Белгінің орысша жазылуында артық әріптер қосылса, қазақша нұсқасында әріптер жетіспеген. Яғни орысшасында “ЖандоСОСОва” және қазақшасындағы “Жандов” дегенде “со” әріптері түсіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, бұл белгі ұзақ уақыт ілініп тұрмаған, оны тез алып тастаған. Желі қолданушылары бұл қатенің себебі туралы әртүрлі болжамдар айтты.

Біреулер жол белгісін жасаған қызметкердің үш түн ұйықтамағанын немесе осы көше бойындағы кептелісте көп тұратынын қалжыңдап жазды.

"Жарайды, оны кім басып шығарса да, қателескен шығар? Бірақ оны алып, орнатқан адам қатені көрмеді ме?", "Бұл жерде күлудің орнына жылау керек", "Қап, енді қатені түзету үшін кемінде жарты миллион бөлу керек", "Мына түрлеріне қарамай АЭС салғалы жатыр", "Мемлекеттік органдарда сауатты адамдар отырмағанына тағы бір дәлел", "ЖандоСоСова Павлиашвили", "Жандосос деген кім, түзейтін маман жоқ па?", – деп желі қолданушылары пікір жазды.

Редакция белгілерді орнату кезінде мұндай олқылықтар қалай бақыланады және қателік үшін кім жазаланады деген сұрақпен Алматы әкімдігіне хабарласты.

"Мердігер "SMEU" ЖШС қатесі бар жол белгісін орнатқан. Бірақ ол бірден ауыстырылды", – деп хабарлады Алматы мобильділік басқармасы.

Айта кетейік, Ораз Жандосов – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда атағы кеңінен белгілі ірі мемлекет және қоғам қайраткері. Ораз Жандосов талантты мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге дарынды сөз шебері және публицист, Қазақстан мен Түркістан аймағының әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өмірінің зерттеушісі, аграрлық-шаруашылық және ұлттық мәселелер бойынша керемет білгір адам. 

Ол 1920-1930 жылдары Қазақстанның халық ағарту және мәдениет саласындағы комиссары болып жұмыс істеді. Бірінші Қазақ  мемлекеттік университетінің, ауыл шаруашылық және мал дәрігерлігі институттарының ашылуына зор еңбек сіңірді.  

Талқылау