"Тұрғындары өмірден ләззат алуды біледі": Отандасымыз Жаңа Зеландияның Қазақстаннан айырмашылықтарын атады
Гаухар, кәсіпкер ана, Қостанай облысындағы кішкентай Лисаковск қаласында дүниеге келген. 17 жасынан бастап Алматыда тұрған, жұмыс істеген. Халықаралық қатынастар мамандығын меңгерген Гаухар маркетинг саласының майталманы. Қазіргі уақытта Жаңа Зеландияда тұрып жатқан отандасымыз шетелдегі өмірі, тұрмысы жайлы Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.
- Гаухар, өзіңіз жайлы айтып беріңізші, немен айналысасыз?
- Қазіргі уақытта Жаңа Зеландияның Окленд қаласында digital-marketing агенттігін басқарамын. Біз қашықтан Австралия, Канада, АҚШ, БАӘ-дегі халықаралық брендтермен жұмыс істейміз. Компанияда 15 адамбыз, барлық қызметкерлер қашықтан жұмыс істейді, командамыз әртүрлі ұлт өкілдерінен тұрады. Олардың ішінде Англия, Австралия, Филиппины, Қазақстан, Жаңа Зеландия мамандары бар. Біз брендті интернетте дамытамыз, арнайы стратегиялар құрып, жарнама кампанияларын жүргіземіз. Негізгі клиенттеріміз e-commerce пен онлайн білім беру, онлайн қызмет көрсету саласынан болып келеді.
Агенттіктен бөлек, 21 күндік әйелдерге арналған www.primothon.com марафон жасап шығардық. Өз оқиғасымен бөлісетін спикерлерді әр елден жинадық, олар қатысушыларға өзгеше оқиғаларымен құлшыныс сыйлайды.
- Жаңа Зеландияның дәстүрі мен мәдениеті жайлы айтып беріңізші? Ел тұрғындары несімен ерекшеленеді?
- Жаңа Зеландияның мәдениеті өте қызық, себебі бұл көпұлтты мемлекет. Жаңа Зеландияның мәдени дамуына ағылшындардың дәстүрі үлкен әсерін тигізеді. Сонымен бірге, дәстүрлері Маори мен полинезиялық ұлттардың мәдени принциптерімен тығыз байланысты, олардың дәстүрлері сақтала отыра елді танытатын басты белгісіне айналған.
Жаңа Зеландиялықтар (жергілікті тұрғындарды - kiwi деп те атайды) өте ашық, толерантты, мейірімді және "жоқ" сөзін қолдануды ұнатпайтын халық. Жергілікті тұрғындар өте белсенді: көп уақытты үйден тыс жерде өткізеді, өмірден ләззат алады, жақындарымен үлкен-кіші қуаныштарға ортақтасады. Мұнда work-life balance - ерен еңбек пен жақсы демалысты біріктіре алу қатты бағаланады.
- Жаңа Зеландияда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды, мұнда сізге не ұнады, ұнамаған тұстары болды ма? Әлі де үйренбей келе жатқан нәрсе бар ма?
- Жаңа Зеландияда тұрып жатқаныма 3 жыл, ал күйеуімнің тұрып жатқанына 5 жылға жуық уақыт болды. Бұл елдің көптеген артықшылығы бар және осы себепті көпшілігі осында көшуге ұмтылады.
Жаңа Зеландия әлем елдері арасында өмір сүру деңгейі мен сапасы бойынша 8-орында (Numbeo мәліметтері бойынша, 2018). Бизнесті жүргізудің үлкен артықшылықтарының бірі - процестердің қарапайымдылығы, бәрі тез және түсінікті жүзеге асатындығы. Маған Жаңа Зеландияда көп нәрсе ұнайды: адамдар мен олардың достығы, табиғаты, білім деңгейі, қауіпсіздігі, климаты, дәмді тамағы және жайлылығы. Саясат, экономика, жалпы елдің дамуында тұрақтылықты байқауға болады. Әрине, бізге ата-аналарымыз, жақын достарымыз жетіспейді, онлайн қарым-қатынас аздық етеді.
- Шетелдіктерге елде жұмысқа орналасуға, бұл елдің өмір сүру қалпына үйрену қаншалықты оңай?
- Жаңа Зеландия - шетелдіктер үшін ең толерантты және қолайлы елдердің бірі. Мұнда бүкіл әлемнің ұлт өкілдері жиналған. Мұнда мәдени интеллектке ие болу маңызды (Cultural Quotient немесе CQ). Бұл, ең алдымен, мәдени айырмашылықтарды қабылдау және әртүрлі мәдениет өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасау мүмкіндігі. Жаңа Зеландия мәдениетін құрметтейтін және осы елдің ерекшеліктерін түсінетін, басқаларға сезімталдық пен байқампаздық танытатын шетелдіктер ел тұрмысына оңай бейімделіп, өз ісінде жетістікке жете алады. Мультимәдени қоғамда мәдени деңгейіңді үнемі арттыру маңызды — табысты мәдениетаралық қарым-қатынастың кепілі. Сондай-ақ, кез келген бейімделу уақытты қажет етеді. Сол елде тұрып, оның сізге қаншалықты сәйкес не емес екенін көре аласыз.
- Жаңа Зеландия жасыл мемлекет дейді, табиғаты қандай?
- Шындығына келгенде, жаңа Зеландия өте таза және жасыл ел. Климаты өмір сүруге өте қолайлы. Қатты ыстық та, суық та емес. Табиғаты өте әдемі, бұл елдің мақтанышы деп ауыз толтырып айтуға болады. Мұндай саяхаттауға жаны құмарлар үшін барлығы бар: табиғаты әртүрлі, бірегей.
Таулар, өзендер, сарқырамалар, шетсіз жағажай, жасыл төмпешіктер мен белестер бар. Біз уақытымыздың көп бөлігін қала сыртында өткіземіз, тамаша әсем көріністер өте көп. Әлемдегі ең экологиясы таза мемлекет табиғатты, жануарларды қорғауға көп көңіл бөледі.
- Мұнда шетелдіктерге қалай қарайды, қазақтар көп пе?
- Жыл сайын Жаңа Зеландияға 150 000-250 000 иммигрант келеді. Көптеген адам елге оқуға, жұмыс визасын алуға және тұруға келеді.
Иммиграциялық жүйе үнемі өзгеріп отырады. Толық ақпаратты мына жерден таба аласыз: https://www.immigration.govt.nz/new-zealand-visas/options/live-permanently/thinking-about-coming-to-new-zealand-to-work.
Біз отандастарымызбен өте татумыз және әрқашан бір-бірімізді қолдаймыз. Окленд қаласында Қазақстаннан келген 30-ға жуық отбасы бар, жыл сайын Қазақстаннан келгендердің саны артып келеді. Біз Наурызды белсенді түрде атап өтеміз, құрылтайға жиналамыз.
- Сіз үшін жетістік деген не?
- Мен үшін жетістік ішкі үйлесімділікпен тығыз байланысты. Мен өзімді табыстымын деп есептеймін, өйткені менің керемет отбасым, сүйікті ісім бар және жақын адамдарым қасымда.
Қазіргі заманғы әйел үшін толықтық, ішкі энергия, тепе-теңдік, даналық пен махаббат сезімі сәттіліктің басты кепілі деп санаймын, себебі біз осының бәрін сыртқы әлемге таратамыз, балаларымызға дарытамыз. Сондай-ақ, энергия мен ресурстық жағдай табысқа жетудің маңызды факторы болып табылады.
- Қазақстан жайлы оқып отырасыз ба?
- Қазақстандағы өмір маған әрдайым қызық, елдегі жағдай, жастардың өмір сүру қалпы. Соңғы жағдайлардың барлығынан хабардармын деп айта алмаймын, алайда маңызды деректерден тыс қалмауға тырысамын. Біз балаларымызға ел туралы видео көрсетіп, біздің кітаптарымызды оқытып, осылайша мәдениетімізді тіл, музыка арқылы сіңіруге тырысамыз.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Алдағы жоспарларымның бірі кәсіпкерлікті дамыту, одан да көп амбициялық жобалардың дүниеге келуіне сеп болу, digital marketing саласындағы мамандар үшін білім беру алаңын іске қосу, және ең бастысы өмірден ләззат алу.