Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа облыстар құрылады: Бозымбаев пен Ахметов Тоқаевтың шешіміне пікір білдірді

Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдері президенттің жаңа облыстар құру туралы шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап. 

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Абай облысын құру туралы шешімді өңір халқы қуанышпен қабылдайтынын айтты.

"Ұсынысты өте жақсы қабылдадым. Енді екі облыс болады. Басқа не айтамын?! Халыққа да, бізге де жақсы болады", - деді ол Тоқаевтың халыққа үндеуінен кейін парламент кулуарында.

Журналистердің "Абай облысының құрылуы сіздің өз міндеттеріңізді дұрыс атқара алмай жатқаныңызды білдіре ме?" деген сұраққа Ахметов жауап бермеді.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің Жетісу және Алматы облыстары болып бөлінуін құптайтынын айтты.

"Егер екі бөлікке бөлінсе басқару ыңғайлырақ болады. Алматы облысының агломерациясын үлкен рөл ойнайды, ол ретке келтірілмеген. Бүгінде Алматы облысы аумағында 215 мың адам бау-бақша массивінде, саяжайларда тұрады. Оларда қарапайым коммуналдық қызметтер жоқ. Бұл жұмысты жүргізу қажет. Оған инвестиция керек, тәртіп орнатып, бас жоспарды өзгерту қажет. Бұл үлкен жұмыс", - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Бозымбаев Қапшағай қаласына Қонаев есімін беру туралы ұсынысты қолдады.

"Қапшағайдың Қонаев болып өзгертілуін өз басым қолдаймын. Қаланың негізі Дінмұхамед Қонаевтың кезінде қаланды. Бұл қала менің ата-бабам өмір сүрген аумақта орналасқан. Маған бұл аймақ қымбат", - деді облыс әкімі.

Бозымбаев облыс шекарасын анықтау бойынша бөлу комиссиясы жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс, оның айтуынша, бірінші жартыжылдық соңына дейін аяқталады.

Қазақстанда енді 17 емес, 20 өңір болады. Президенттің тапсырмасымен республикада тағы үш облыс құрылады. Бұл туралы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.

Семей аймағында Абай облысы құрылады. Орталығы Семей қаласы болады.

Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болады. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.

Сондай-ақ Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуі мүмкін.

Талқылау