Жаңа халықаралық серіктестік: Allur және SAIC Motor ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстандық Allur автомобиль компаниясы мен Қытайдың ең ірі SAIC Motor автомобиль жасау корпорациясы Қазақстан аумағында ынтымақтаса жұмыс істеу туралы келісімге келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндай келісім жаһандық автокөлік өнеркәсібіндегі ең ірі шаралардың бірі – XXI Шанхай халықаралық автосалонында жасалды. Бұл көрме 40 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді және оған дәстүрлі түрде әлемнің жетекші брендтері, сарапшылары және автокөлік әуесқойлары жиналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2025 жылы шараны 1,3 миллионға жуық адам тамашалайды, ал жаһандық премьералар саны жүзден асады.
Қазақстан мен Қытай компаниялары қол қойған меморандум аясында Allur компаниясының Қостанайдағы өндіріс орындарына озық халықаралық тәжірибе енгізу және жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу көзделіп отыр. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары технологиялық машина жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам. Бірлескен бастамалар SAIC-тің жергілікті нарықтағы позициясын нығайтады, отандық автоөнеркәсіптің дамуына ықпал етеді және еліміздің әлемдік өндіріс тізбегіне одан әрі интеграциялануына серпін береді.
SAIC Motor (Shanghai Automotive Industry Corporation) – Қытайдағы ең ірі автомобиль өндіруші және әлемдік өнеркәсіп көшбасшыларының бірі. Компания Fortune Global 500 рейтингінде мықты позицияға ие және кейінгі жылдары экспорттағы көрсеткіштері орасан. Мәселен, 2023 жылы SAIC Motor шетел нарықтарына 1,2 миллионнан астам көлік жөнелтті. Компанияның портфолиосында өз брендтері – MG, Roewe, Maxus, сонымен қатар Volkswagen және General Motors компанияларымен бірлескен ірі кәсіпорындар бар.
Қытайдың автомобиль нарығы ішкі тұтыну тұрғысынан да, әлемдік аренада да қарқынды өсіп жатыр. "Қазақстанның автокөлік одағының" (ҚАО) деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстан нарығындағы қытайлық автокөліктердің үлесі барлық жаңа автокөлік сатылымының 39%-ына жетті. Бұл жаһандық деңгейдегі тенденцияны білдіреді: Қытай – қазірдің өзінде автокөлік экспорты бойынша барлық елдің арасында көшбасшы. Ол шетел нарығындағы орнын белсенді түрде кеңейтуді жалғастыра бермек.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
