Еркектердің ойынқұмар болуына әйелдің қажеттіліктерінің көптігі себеп – Жамбылдық шенеуніктер
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасындағылар әйелдің қажеттілігі көптігінен еркек лудоманға айналады деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы жіберген баспасөз релизінде еркектер арасындағы ойыгқұмарлықты психосоматикамен байланыстырған.
“Ересек адамның бойындағы әдеті балалық шақтан бастау алады. Кейбір еркектер әйелдерінің қажеттіліктерін өтей алмағандықтан көп ақша табуға тырысады”, – делінген құжатта.
Осылайша еркектер ақшаны оңай, жеңіл тапқысы келеді. Денсаулық басқармасындағылар ер адамның лудоманға айналуының басты себептерін айтты.
- Отбасылық, тұлғааралық мәселелер, үнемі өзін жалғыз сезіну;
- Өзін-өзі бағаламау;
- Отбасында немесе айналасында ойынқұмар адамның болуы;
- Жылдам әрі жеңіл ақша табу.
“Лудоман өзін науқаспын деп санамайды. Ол кез келген сәтте бұл әдетін тастайтынына сенімді болады. Ал жан-жақтан қарыз қысып, шешім таппаған кезде күйзеліске түседі. Ойынқұмарлық шаршау, депрессия, тіпті кейде суицидке әкеп соғады”, – дейді мамандар.
Лудомандар көп жағдайда өз мәселесін өзі шеше алмайды, дәрігерден кеңес алмайды. Мұндай жағдайда жауапкершілікті оның туыстары алу керек. Ойынға деген тәуелділікті амбулаториялық еммен тоқтату қиын. Өйткені науқас ойынға қайта оралуы мүмкін. Сондықтан мамандар оларға ауруханада ем алуға кеңес береді.