Жамбыл облысындағы әскери қызметкердің өлімі: Күдікті ұсталды
Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бөліміндегі әскери қызметкердің өліміне қатысты күдікті ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша шекара қызметі басқармасының әскери қызметкері, қатардағы жауынгер Д.Мираштың қайтыс болуы фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. ҚК-нің 451-бабының 2-бөлігі бойынша – ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану.
Істі ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша департаменті тергеп жатыр.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігінде көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеуіне байланысты тергеудің барысы мен қылмыстық істің мән-жайлары туралы толығырақ ақпарат берілмейді.
Еске салсақ, Жамбыл облысында тағы бір жауынгердің денесі табылды. Оқиға 19 тамызда болған. Биыл көктемде әскерге шақырылған 18 жастағы Бекбол Мираш Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туып өскен.