Атырауда арзан бутиктің ашылуына адам көп жиналып, ішке кіру үшін бір-бірін таптай жаздады
Атырауда арзан киім сатылатын бутиктің ашылуында адам көп жиналып, келушілер бір-бірін итеріп, таптай жаздаған. Оқиғадан кейін полиция бутик жалға алушысын жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Алмагүл шағын ауданындағы "Айша" сауда орталығындағы бутиктің ашылуында болған. Киімнің арзан бағасына қызыққан дүкенге көп адам жиналған. Бір сәтте кіреберісте келушілер ішке кіруге тырысып, бір-бірін итере бастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан ешкім ауыр зардап шекпеген. Алайда кейбір келушілердің денелері көгеріп, жеңіл жарақат алған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан кейін полиция тексеру жүргізіп, сауда нүктесінің жалға алушысын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бутик жалға алушысы адамдардың жаппай жиналуы мүмкін екенін тиісті органдарға алдын ала хабарламаған.
“1995 жылы туған жалға алушыға қатысты әкімшілік кодекстің 488-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап мәдени-көпшілік және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзуға қатысты”, – делінген хабарламада.
Атап айтқанда, бұл бапта жергілікті атқарушы органдарға іс-шара туралы қажетті ақпаратты бермеу немесе кешіктіріп бергені үшін жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге).
Қазақстандық әйел жалға алушыны пәтерінен шығара алмай, сотқа берген: Алайда сот қараудан бас тартты