Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланды

“Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы" АҚ (ҚТЖ) ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланған Жамбыл облысында пойыздардың жылдамдығын шектеп, ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел штаб құрды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"15 желтоқсанда қатты жел мен аяздың салдарынан Жамбыл облысының Қордай және Шу аудандарында жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды. 13 желтоқсаннан бастап облыста жел секундына 50 метрге дейін күшейіп, қарлы боран соғып, көріну нөлге жуықтады, ауа температурасы күрт төмендеді. ҚТЖ төтенше жағдайлар кезінде пойыздар қозғалысын үйлестіру үшін барлық тартылған қызметтердің қатысуымен жедел штаб құрды. "Ауа райының қолайсыздығына байланысты және облыстың теміржол учаскелерінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пойыздар қозғалысының жылдамдығын шектеу туралы шешім қабылданды", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ осы бағытта жүретін жүк пойыздары уақытша тоқтатылды. Тек жолаушылар пойыздарын өткізуге басымдық беріледі.

"Жолаушылар пойыздарының қозғалысы қиындауда. Біз өз күшімізбен темір жолдарды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 13-15 желтоқсан аралығында 2232 адам, 9 бірлік қар тазалау техникасы жұмылдырылып, 250 текше метрден астам қар тазаланды. Қолайсыз ауа райы сыртқы электрмен жабдықтаудың тоқтап қалуына себеп болды. Соның салдарынан №41/42 Алматы 2-Атырау бағытындағы "Тальго" жолаушылар пойызының электрмен жабдықтауында ақау пайда болды. Сол себепті электровоз шұғыл түрде тепловозға ауыстырылды. Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға тамақтандыру ұйымдастырды", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар 13-14 желтоқсанда Боранды станциясынан Шымкент және Түлкібас станциясына дейінгі жолаушылар пойыздары ауа райының қолайсыздығынан автожолда тұрып қалған 300-ден астам адамды эвакуациялағаны да атап өтілді.

"Шымкентке 240 жолаушы №33 "Алматы – Ақтөбе" және №77 "Алматы-Маңғыстау"пойыздарымен жеткізілді. Тағы 108 жолаушы №55 "Көкшетау – Қызылорда" пойызымен тасымалданды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ ауа-райының жақсаруына дейін пойыздардың жүру кестесіндегі ықтимал кідірістер мен өзгерістер туралы хабарлайды", – деп толықтырды ҚТЖ өкілдері.

Еске сала кетейік, 15 желтоқсанға қараған түні Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланғанды. Өңірде қар құрсауында автокөліктер тұрып қалып, бірқатар пойыздар тоқтап қалды, Шу ауданында бағаналар құлады.

Сондай-ақ, бұған дейін Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, бес ауыл жылусыз қалғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау