Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында полиция бастығының орынбасары күдіктіні ұрып-соғып, азаптаған

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының полиция бөлімінің бастығының орынбасары ұсталған азаматты азаптады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: polisia.kz

Оқиға аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция кабинетінде болған. Полиция қызметкерінің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Прокуратура аудандық полиция бөлімін тексеру кезінде күдіктіні азаптау дерегін анықтаған.

29 қаңтар күні Құлан ауылының тұрғыны Жомарт Биназаровты әлдекімдер атып кеткен. Ол алған жарақаттарынан көз жұмған. Сол күні бұл қылмысқа күдікті ретінде марқұмнан 13 жас кіші Нұрсұлтан Әбей ұсталды. Олардың арасында нақты не болғаны белгісіз. Алайда күдікті кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.


"Өздеріне қол салмақ болды": Түркістан облысындағы түрмеде сотталушыларды азаптаған


Полиция бөлімінде күдіктіге күш қолданылған. Оны аудандық полиция бөлімінің қызмет жөніндегі орынбасары Серік Сихымбаев ұрып-соққан. Белгілі болғандай, Сихымбаев марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Ол Нұрсұлтан Әбейдің бетіне жұдырықпен соққы жасап, кейін жерге құлатып, бірнеше рет тепкен. Салдарынан күдіктінің оң жақ қасы көгеріп, оң қолының буындары жарақаттанған.

Зардап шеккен азаматтың шағымы негізінде Т. Рысқұлов ауданының прокуратурасы бұл оқиғаны ҚР Қылмыстық кодексінің "Азаптау, яғни лауазымды адамның немесе ресми өкілеттігі бар адамның қасақана физикалық және психикалық азап келтіруі" бойынша тіркеп, іс Жамбыл облыстық прокуратурасының арнайы прокурорларына тапсырылды.

Сихымбаевтың өзі қамауға алынып, қазіргі уақытта Тараз қаласындағы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты қандай бұлтартпау шарасы қолданылатыны алдағы уақытта белгілі болады. Айта кетейік, ол аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары қызметіне бір апта бұрын ғана тағайындалған еді.

Еске салсақ, осыған дейін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы Қошмамбет ауылындағы азаптау дерегі бойынша 6 полиция қызметкері сотталған еді.

Талқылау