Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары қандай көмек алатыны белгілі болды

Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев қорғаныс министрлігінің Жамбыл облысында жарылыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көрсететін қаржылай көмегі туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Генерал-майордың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жерлеу шығындары, бес жыл ішінде ақшалай үлес (жалақы) мөлшерінде біржолғы төлемдер төленеді.

Сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша өтемақы төлеу көзделген. Оның мөлшері әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің санына қарай әрбір отбасы үшін дербес айқындалатын болады.

"Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне де, емдеу мекемелеріндегі әскери қызметшілерге де әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсету бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ отбасылармен жұмыс жөніндегі қызмет зардап шегушілердің балаларын мектепке дайындау бойынша жұмыс жүргізеді. 

Әскери қызметшілер мен ТЖМ қызметкерлерінің отбасыларына ерікті қаржылық көмек көрсету қоры құрылды. Қарулы күштерде бір күндік ақшалай үлесті аудару туралы шешім қабылданды. Балаларды қамқорлыққа алу ұйымдастырылды. Бұл жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады. Сонымен қатар Қарулы Күштер қызметкерлерінің кәсіподағы қаза тапқан Қарулы Күштердің қызметшісі У.Далибаев- тың отбасына қаржылай көмек көрсетті", – дейді Серік Борамбаев. 

Еске сала кетсек, 26 тамыз күні 19:00 шамасында Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрілер сақталатын қоймасында өрт шыққан болатын. Тілсіз жаудан соң он шақты жарылыс болды. Нәтижесінде 100-ге жуық адам зардап шекті. Оның ішінде 49 ТЖМ қызметкері бар. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 15 адамға жетті.

Талқылау