Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында кәсіпкерлер дәмхана салу үшін бейіттерді бұзып, бизнес жасамақшы

Жамбыл облысында жеке кәсіпкер қорымды сүріп, бірнеше коммерциялық нысан салып жатыр. Ал қиратылып жатқан қорымға туған-туыс, бауырларын жерлеген тастақтықтар бизнесменнің ісіне қарсы. Ашулы ел бейіттерді бұзып, бизнес жасамақ болған жер иесіне құрылыс жұмыстарын тоқтатсын деп талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеп хабарлайды.

"Тастақ" тұрғындары ет жақындары жерленген зиратты сүріп, дәмхана, көлік жөндеу орталығын соғып жатқан кәсіпкердің ісіне қарсылық білдіріп жатыр. Олар бүгінге дейін қорымның қиратылып жатқанын білмедік дейді. Ал көктем салым әруаққа құран бағыштап, бейітін тазалауға барғанда сұмдық оқиғаның куәсі болыпты. Айтуларынша, әлдекім ауыр техникамен бірнеше бейітті сүріп, тегістеген. Тіпті, бірін қоршаудың қадасын қадау үшін қазып тастағанын көріпті. Содан соң, бірден кәсіпкерді тауып, "құрылысты тоқтат" деп талап қойған. 

"Тіршілік жасап жатқан кезде адамның сүйегі шықса, анау-сынау қылса, не қыласыңдар десек. "Кәдімгідей жинап аламыз да, қайтадан адам баспайтын жерге жерлей саламыз" , - дейді Тараз қаласының тұрғыны Майқы Кеншінов.

"Олар түнде келіп істейді. Күндіз істемейді. Ешкім жоқта келіп істейді. Мына жерді келіп қоршап, қорымды құртып, үйіп тастаған", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Кемелбек Рысбеков.  

Тұрғындардың айтуынша, бұл қорымға жүз жылдай болған. Бірақ аумағы ешқашан қоршалмапты. Ал тоқсаныншы жылдары зираттың тура іргесінде бірнеше кәсіпкерлік нысан бой көтерген. Биыл жеке кәсіпкер өзінің заңды жерін қоршап, қосымша құрылыс бастамақ болғанда осындай дау туындап отыр екен. Қазір қорым маңындағы құрылыс тоқтаған.

Ал ашулы елдің шағымынан соң, әкімдік өкілдері де келіп, кәсіпкерге айыппұл салып кетіпті. 

"Аталған 3 сотық жерге ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Ол сол қорымның шекарасына қайтадан алынады. Қоршалынады. Ол жерде ешқандай құрылыс жұмыстары жүрмейтін болады", - дейді Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Башанов.

Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы "қорымға берілген жер кәсіпкерден алынады" деп сендірді. Яғни, алдағы уақытта кәсіпкерлік нысан соғуға бөлек жер берілмекші. Ал бірнеше зираттың сүріліп кетуіне қосымша құрылыс бастаған кәсіпкер жауапты ма, әлде жерді бөліп берген әкімдік пе белгісіз. 

Талқылау