Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылысқа кінәлі деп айыпталған екі сарбаз 9 жылға сотталды (видео)

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты ақыры сот нүктесі қойылды. Атышулы іске қатысты 6 адам күдікке ілінген еді. Олар – екі сарбаз бен төрт офицер. Екі жылға жалғасқан тергеп-тексеру нәтижесінде қос сарбаз Ерполат Тұранов пен Әсет Әшірбай 9 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Төрт офицер және екі бұрынғы мерзімді қызмет сарбазы айыпталды. Жарылыс фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды, олар кейіннен бір өндіріске біріктірілді. Шымкент гарнизонының әскери сотына 800 томнан тұратын іс ақпан айында берілді. Сот ісінде 300-ге жуық куәгерлер мен жәбірленушілер болған.

Тергеу алғаш басталған кезде екі сарбаз куәгер болған. Алайда әріптестердің бірі оларға қатысты куәлік бергеннен соң жағдай өзгерді.

“Олардан бірнеше рет жауап алынды, менің қорғаушыларым ештеңе білмейтінін және ештеңе көрмегенін айтты. Жарылысқа дейін олар сеніп тапсырылған учаскеде жұмысын аяқтап, қойма аумағынан шығып, асхананың жанында командирді күткен. Сотта жігіттердің кінәсіздігін дәлелдедік. Олардың ешқандай ниеті болмады, өйткені бір айдан кейін жұмыстан шығатынын білді. Сонымен қатар олар қайтадан қызметке кірді. Ал жаман нәрсе жасағысы келсе, олар керісінше қашып кетер еді", – деді адвокат Сағадат Әміре.

"Тұранов Ерполат Ержанович ҚР ҚК 202 бабы 3-бөлігі,1-тармағымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімге бас бостандығнан айыруға, жазасы тағайындалсын. Әшірбай Әсет Асылұлы ҚР ҚК 202 бабы 1-бөлігіне 1-тармақта көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 9 жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жаза тағайындалсын", – дейді Шымкент қаласы әскери гарнизон сотының судьясы Бөрлібай Каипов. 

Ал офицерлер сот залынан босатылды. Сот екеуін ақтап шықса, екеуінің жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен түрмеге тоғытылмады. 9 жылға бас бостандығынан айрылған 21 жастағы екі сарбаз үкіммен келіспейміз деп наразылық білдірді. Сотқа қатысқан ата-аналары мен жақындары да үнсіз қалмады. Олар балаларының жазықсыз қамалғанына сенімді. 

"60 адамның ішінен екі жас жігіт кінәсіз кетіп отыр. Олардың жасы небәрі 20-да. Нағыз кінәлінің біреуі де қамалған жоқ. Бөлімнің бастығы бар. Одан соң балаларды жұмысқа алып барған командирлер бар емес пе? Қазір 4 адам қашып жүр. Мына балаларды жөндеу жұмыстарына алып барған сол адамдар. Ғимаратты жөндеген, шөбін жұлған. Екі ортада осы екі бала ұсталып тұр ғой", –  дейді сотталушының туысы Еркін Мұратов. 

Еске сала кетейік, екі жыл бұрын Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында өрт болған. Қатты өрт пен одан кейінгі жарылыс салдарынан 18 адам қаза тауып, 98 адам зардап шекті. Бірнеше аудан мен әскери бөлімге 25 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Атышулы істе жәбірленушілер саны – 250 адам. 

Прокурор осыған дейін сарбаздарды 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. 

"Қылмыстық кодекстің талаптарына сай адамда сол қылмысты жасауға итермелейтін пиғыл, ниет болу керек. Әскери қызметінің аяқталуына бір-ақ ай қалған. Үйіне қайтайын деп жатқан әскери қызметкерге оның не керегі бар? Бұл сарбаздар оны жасаған болса, осы әскер қатарынан кеткеннен кейін келісімшартпен қайта бармас еді ғой",-  Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Әміре Сағадат. 

Сотталушылардың жақындары апелляцияға жүгінбек. Адвокаттың сөзінше, сот сараптамасы мен сынамасында көрсетілген айыптардың ешқайсысы дәлелін таппаған. Ал сот кезінде сарбаздар бұл әрекетті офицерге ерегісіп жасағаны, яғни жанармайға салынған матаны өртеп, оқ-дәрілер тұрған қоймаға терезеден әдейі лақтырғаны айтылған.

 

Талқылау