Жамбыл облысында 44 оқушысы тамақтан уланған мектептегі азық-түліктен ішек таяқшалары табылды
Жамбыл облысындағы мектептің 44 оқушыларсының жаппай улануына не себеп болғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Сараптама қорытындысына сай, ауыл мектебінің асханасындағы 12 түрлі азық-түліктен ішек таяқшалары табылған. Қауіпті бактерия тіпті нан мен компоттың да құрамынан шықты.
Оқыс жағдай 7 қараша күні болған. Мектеп асханасынан бастауыш сынып оқушыларына палау мен компот беріліпті. Бір мезгілде құсып, іші өткен 44 оқушы ауруханаға жеткізілген. Балалармен бірге тамақтанған екі мұғалім де астан уланған. Қауіпті жағдайдан кейін дәрігерлер әр үйді аралап, мектептің 400 оқушысының денсаулығын бақылаған. Осылайша мектеп асханасынан уланғандардың саны 61 адамға жетті. Қазір ауруханаға түскендер жазылып, үйіне қайтарылды.
Айта кетейік, жаппай уланудан кейін мектеп асханасы карантинге жабылған болатын. Ал оқушыларға ыстық тамақ қашан берілетіні әзірге белгісіз.
“Алдын ала болжам бойынша 12 түрлі тағам түрінің ішінен ішек таяқшасы тобының бактерияларына оң нәтиже шықты. Толық сараптама қорытындысы 21 қарашадан соң белгілі болады. Қазір тексеру жалғасып жатыр”, – деді Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында мектеп асханасындағы түскі астан соң 44 оқушы уланып, ауруханаға түскені туралы жазған болатынбыз.