Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалпыға ортақ декларация: Шенеуніктердің мүлкі туралы ақпарат неге жарияланбайды

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде "Жалпыға бірдей декларациялау" тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда шенеуніктердің мүлкі туралы ақпарат қашан ашық жариялатыны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

“Шенеуніктер қазір декларация тапсырып жатыр. Олардың табысы, мүлкі ашық жариялана ма” деп сұрақ қойды Stan.kz тілшісі. 

Оған Мемлекеттік кірістер комитеті Арнаулы салық режимдері басқармасының басшысы Ерқанат Шымберген жауап беріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес, шенеуніктердің, бірінші басшылардың мәліметтері ресми орган сайтында жарияланғанын атап өтті. 

“Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңның 11-бабында көрсетілген. 2025 жылдан кейін жарияланады”, – деді ол. 

“Шенеуніктер декларацияны қазір тапсырып жатса, неге қазір емес бір жылдан соң ғана көрсетіледі” деп тілші нақтылап сұрады. 

“Бұл ақпарат та сол заңда көрсетілген, қарап, оқысаңыздар болады”, – деп қысқа қайырды Ерқанат Шымберген. 

Біз басқарма басшысы айтқан заңды қарап шықтық. “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” заңның 11-бабы 9-бөлігі 5-тармағында былай делінген: 

  • Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық қызметті орындайтын адамдар мен олардың жұбайы (зайыбы) ұсынған, жеке тұлғалардың декларацияларында көрсетілген мәліметтер есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде жариялануға жатады.
  • Жариялануға жататын мәліметтер тізбесін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
  • Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, парламент пен Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурстарына персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) орналастырады.

Яғни, 2025 жылдан бастап осы органдардың ресми сайтынан шенеуніктердің мүлкіне қатысты ақпаратты көріп отырамыз. 

Талқылау