Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалқау және сауатсыз": Америкалық әртіс Джоди Фостердің Z ұрпақтары туралы пікірі қоғамда дау туғызды

Америкалық актриса, Оскар сыйлығының иегері Джоди Фостер Z ұрпақтың өкілдері туралы айтқан сөзі үшін сынның астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News Русская служба басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фостер жастармен жұмыс істеу қиын екенін айтты. Сөзінше, олар ұқыпсыз, өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқармайды, жұмысқа  уақытында шықпайды, үнемі шаршайтындары туралы шағымдары бітпейді. Сауатсыз жазады. 

“Олардың әрекеті жүйкеге тиеді, әсіресе олармен жұмыс істеу керек болған кезде”, – деді актриса. 

61 жастағы өнер адамының бұл сөздері әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды. Желі пайдаланушылары Фостерді буын өкілдері арасында жанжал туғызуға және іріткі салуға тырысты деп айыптады. Олардың пікірінше, Фостер және басқа да аға буын өкілдері жастардың алдында жауапкершілікті сезінбейді. Ал Z ұрпақтың осындай болып өсуіне аға буын өкілдерінің тікелей әсері барын жеткізді. 

"Джоди Фостердің Z буынына шабуылын көру қызықсыз. 18-20 жас аралығындағы әрбір ұрпақ әрқашан бір нәрсе үшін сынға ұшырайтыны анық. Ал сыншылардың өздері жас кезінде тәкаппар, жалқау, ебедейсіз болғанын ұмытпауы керек", – деп санайды бір желі қолданушысы.

Фостердің белгілі бір адамдармен ғана жұмыс істеп, тұтас ұрпақ туралы қорытынды жасағаны көпшіліктің ашуын туғызды. Әлеуметтік желідегі белсенділер де өнер адамының бұл пікірін жоққа шығарып, жас ұрпақты қорғауға тырысты. 

"Менің қол астымдағы Z буынының қызметкерлері әрқашан жұмысқа уақытында келеді және өз міндеттерін толық орындайды. Мүмкін, Джоди жай ғана нашар бастық шығар немесе олардың міндеттері қандай екенін дұрыс жеткізе алмаған болуы керек. Нашар менеджерлер өздерінен басқаларын жұмыстағы жанжал жағдайларына кінәлайды", – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Кейінірек актриса жас ұрпақ туралы осындай пікір айтуы бір ұлының тәжірибесіне негізделгенін түсіндірді. Фостердің 1998 және 2001 жылы туған екі баласы бар. Актриса 2014 жылы бір жынысты некеге тұрды, ал оның балалары 1990 жылдардың басынан бері тек әйелдердің қолында тәрбиеленді.

Оның айтуынша, үлкен ұлы мектепті бітірген кезде ер адам болу дегеннің не екенін ойлап, интернет пен әлеуметтік желілерден зерттей бастаған. Ал нәтижесін көргеннен кейін қате қорытынды жасағанын айтқан. Фостердің айтуынша, оның ұлы қазіргі заманғы ер адам өзімшіл болуы керек, әйелдерге немқұрайлы қарап, басқалардың сезіміне мән бермей өзін ұстауы керек деп шешкен.

"Мен аң-таң болып, оған: "Жоқ, мұның еркектікке ешқандай қатысы жоқ. Біздің мәдениет сенің осылай ойлауыңа түрткі болуда” дедім, – деп жазды актриса.

Ол сондай-ақ өзінің өмірлік және әртістік шеберлігінен тәжірибе алғысы келсе, жас әріптестеріне көмектесуге, қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін жеткізді. 

Талқылау