Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалған пәтерді жалға берген": Қарағандылық алаяқ интернеттен тауып алған жеке куәліктермен талайды сан соқтырды

Қарағандылық 32 жастағы әйел интернеттен тауып алған бейтаныс адамдардың жеке куәлігін пайдаланып, түрлі айла-тәсілмен жұрттың қалтасын қағып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 Фото: ашық дереккөз

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқ әйел былтырдан осы жылдың ақпанына дейін жымысқы әрекетін жүзеге асырып келген. Ол интернетте төмен бағамен пәтерді жалға беретіні туралы хабарландыруды орналастырып отырған. 10 мың теңге сомасында алдын ала төлемді алған соң клиенттердің нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шығуды доғарған. Осылайша өңірдегі бірнеше тұрғын алаяқтың арам пиғылына алданып қалған. 

Ол хабарландыруға Петропавл қаласынан да пәтерлер ұсынған. Қылмыстық істің 14 эпизодының сегізінде осы қаладағы "пәтерлер" көрсетілген. 32 жастағы  қарағандылық мұның барлығын интернеттен тауып алған біреулердің жеке куәлігі арқылы жүзеге асырып отырған. Петропавлдық жедел уәкілдер алаяқты ісін әшкереледі.

"Қылмыс жасалған сәтте күдікті әйел бас бостандығын шектеу түріндегі осыған дейін берілген жазасын өтеп жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқ жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеді. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, осы жазасының үстінен өтелмеген шартты мерзімінің алты айын қосты”, – делінген хабарламада.

Ведомствоның  мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 150-ден астамы алдын ала төлемді талап етумен байланысты.

СҚО полиция департаменті интернеттегі хабарландыруларда төмен бағамен тауарлар немесе қызметтерді ұсынып жатса, азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алдын-ала төлемге келіспей, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап етуге кеңес береді.


 

Талқылау