Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар стоматологтар арқылы зейнетақының артық мөлшерін шешіп алған: Кінәлілерді жазалау жоспарланып отыр

Отбасы банкі зейнетақы қорынан стоматологиялық емге деп жалған ақпаратпен қаражат шешіп алған қазақстандықтар туралы айтты. Банк ішкі тергеу жүргізілген бірқатар күдікті схемаларды белгілеп, кінәлілерді анықтау және оларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay

Деректерге сүйенсек 2024 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Отбасы банкі арқылы БЖТ көмегімен емделуге 435,1 миллиард теңге пайдаланылған. Оның 98%-ы стоматологиялық қызметтерге-тістерді протездеу және имплантациялауға алынған. 

“Банк бірқатар күдікті схемалардың белгілерін анықтады, олар бойынша ішкі тексерулер жүргізілді. Істің қолда бар материалдарымен банк күдікті адамдарды анықтау және оларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінді.Осылайша, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу түрінде кейбір стоматологиялық клиникалар азаматтарға қолма-қол ақша алуға көмектескен. Бұл зейнетақы төлемдерін мақсатсыз пайдалану. Мысалы, бірқатар стоматологиялық клиникалар күніне 70-тен астам клиентті қабылдады. Бұл ретте медициналық мекемелерде пациенттердің мұнша санына қызмет көрсететіндей жағдай болған жоқ", - делінген банктің хабарламасында.

Банк сонымен қатар "толық адентия" (тістердің толық болмауы) диагнозы қойылған 21 жастағы қазақстандыққа дәрігерлік комиссияның қорытындысында тістерді тазарту, брекет жүйелерін орнату сияқты жалған қызметтер жазылғанын алға тартты.



“Біз 2021-2024 жылдар кезеңінде БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызметтер көлемі бойынша топ 25 стоматологиялық клиниканың мемлекетке салық түрінде шамамен 63 миллион теңге төлегенін анықтадық. Бұл ретте БЖЗҚ қаражаты есебінен осындай кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 миллиард теңгені құрады. Яғни салық жүктемесі небәрі 0,07%. Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмән келтіреді. Әсіресе протездеу және имплантациялау сияқты күрделі рәсімдерді алып қарасақ”, - деп түсіндірді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылдың 10 тамызынан бастап 2025 жылдың 1 ақпанына дейін стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қорынан қаражат пайдалануды тоқтата тұруды жоспарлап отыр.

Осы уақыт ішінде банк біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор ретінде БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді.

Талқылау