Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалған айып тақты": ІІМ журналист Данияр Әділбековтің ұсталғанына қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев журналист Данияр Әділбековтің ұсталып, қамауға алынуына байланысты оқиғаның жай-жапсарын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Facebook.com/@Данияр Адилбеков

Оның сөзінше, Данияр Әділбековке бірнеше Қазақстан азаматы арызданған. Министр орынбасары журналист олардың бірін жемқорлық жасады деп жалған айыптағанын айтты.

“Олар өздеріне қатысты жалған ақпарат тарады деп есептейді. Тіпті біреуін ауыр жемқорлық қылмысын жасады деп айыптаған. Бұл арыздар заңға сәйкес тіркелді. Қажет зерттеулер жүргізілді”, – деді Марат Қожаев. 

Министр орынбасары Әділбековтің журналистік жариялымдарына сараптама тағайындалғанын атап өтті. Тергеушілер оның қорытындысын алып, журналист сенімсіз және тексерілмеген ақпаратты таратты деген тұжырымға келді. Сол арқылы азаматтардың құқығы мен қызығушылықтарына залал келтірілген. 

“Бәріміздің құқығымыз бірдей. Оның әрекеттерінде құпия деректерді жеткізіп отыруы мүмкін белгілер бар. Қазір тергеу жүріп, зерттеліп жатыр”, – деді министр орынбасары. 

Еске сала кетейік, елордалық полиция департаменті журналист Данияр Әділбековтің ұсталғанын растады

Ведомстводан хабарланғандай, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

"Қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін азамат "Ә"-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды", – деп түсіндірді елордалық полиция департаменті.

Талқылау