"Жақында еті экспортталады": Жамбыл облысында жайылымда бос жүрген 2500-ге жуық есектің иесі кім
Жамбыл облысында жайылымда екі жарым мыңға жуық есек жүр. Жұртшылық жылқы тектес жануардың қайдан келгенін, қалай көбейгенін білмейді. Иесін де көрмепті. Тіпті бір күні еті қазанға түсе ме деген уайымдары тағы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Есек үйірі Байзақ пен Талас ауданының өрісін толтырған. Әңгісі ақырып, биесі бақырып төрт ауылдың берекесін алады дейді жұрт. Басында 1700-дей болған есектің саны қазір 2300 басқа көбейген. Бірақ бағытын қайырып бағып, өрістеткен ешкім жоқ. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мекемесі есектер үйіріне мән бермейміз дейді.
Осылайша біз көрген 400 гектар аумақты алып жатқан қорадан шыққан есектер қайта кірмепті. Қазір Талас өзенін жағалап жайылып жүр. Сөйтсе жер иесі есек жинаған азаматпен келісімді бұзып, қоршалған қораның есігін ашып жіберген.
"Ол жерді уақытша берген. Бос жатқан жерді. Содан біз қолға алғанннан кейін ол ана келісімшарт жасасқан адаммен келісімін бұзды ғой", – дейді Байзақ аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Еркебай Рысалиев.
Белгілі болғандай бұл есек өнеркәсібін дамытуға басталған жоба екен. Жеке адамның жерін жалға алған азамат, жер-жерлерден 25-30 мыңнан есек алып жинаған. Ендігі жерде оның санын он мыңға жеткізу жоспарда бар. Осылайша инвестиция құюға ниет білдірген инвестормен өңір басшылары ақылдасыпты.
"Біз есек шаруашылығын дамытып, өнімін Қытайға алып кетпекшіміз. Қазір есек басын 10 мың басқа жеткізу жоспары бар. Есектің сүті, еті түрлі дәрі шығаруға таптырмас шикізат. Бізде сұраныс өте зор. Бізге 10 мың гектардай жер болса жетеді. Бағуға, жем-шөбін әзірлеуге. Әкімдікпен келіссөз жүргіздік", – дейді қытайлық инвестор Суй Чын Ын.
Жоба жүзеге асса өңірге 50 миллион юань, яғни 3,5 милиард теңге инвестиция құйылады. Бұл ұсынысқа жергілікті биліктің бүйрегі бұрылғандай. Ал етінің елге тарап кетпеуіне еш күмән болмауы керек екенін айтады.
"Өзі тәртібі бар, ауылшаруашылығы малдарын бірдейлендіру. Есектер. Оған осы чипын салып сол чиптерді базаға енгізіп, тіркеуге алу мәселесі жолға қойылды. Есекті пайдаланып қаражат тап деген Абай атамыздың да айтқаны бар", – Жамбыл облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкей.
Осылайша жуық арада Жамбыл облысында есек етін экспорттау қолға алынатын болады. Алайда әзірге жері жоқ инвестор мыңғырған есекті басы ауған жаққа жіберуге мәжбүр.