Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында күйеуін өлтірді деген күдікпен ұсталған әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған

Жетісу облысы әйел күдікті зорлық-зомбылық
Фото: magnific.com

Жетісу облысы Текелі қаласында көпбалалы әйел күйеуін пышақтап өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Көршілер күдіктінің ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзіп, отбасын бір өзі асырап келгенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көпбалалы анаға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы қолданылды. Ұсталған әйелдің көршілері НеМолчиKZ қорына жүгініп, оны қорғауды сұрады. Олардың айтуынша, әйел ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп келген және қатыгез қарым-қатынасқа төзуге мәжбүр болған.

"Лидия – көпбалалы ана. Ол ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, балаларын қажетті дүниелермен қамтамасыз етті, олардың тәрбиесімен айналысты және іс жүзінде отбасын жалғыз өзі асырады. Өмірдің ауыр жағдайларына қарамастан, ол әрдайым балалары үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Біз, оның көршілері, бірнеше рет оның күйеуінің Лидияны ұрып-соққанының куәсі болдық. Ол үйге үнемі мас күйде келіп, жанжал шығаратын, әйелі мен балаларын балағаттап, оларға қол көтеретін. Үйден жиі айқай-шу шығып, балалардың жылаған дауысын және олардың ұрысып жатқанын еститінбіз", – делінген үндеуде.

Көршілерінің айтуынша, күйеуі Лидияны үнемі түрде ұрып-соғып келген және ол тіпті әйел жүкті кезінде сабауын тоқтатпаған.

"Ол зорлық-зомбылық салдарынан алған ауыр жарақаттары туралы айтатын. Жүктілік кезінде де зорлық-зомбылықты бастан өткерді. Лидияның өзі мен балаларының сөзінше, күйеуі оларды қыста далаға қуып шығатын, әйелге қоқан-лоқы көрсетіп, соңынан аңдып жүретін", – деді үндеу авторлары.

 Өңірлік полиция департаменті істің қазіргі жай-күйі туралы айтты.

"Күдіктіге қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Қазір іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция өкілдері істің қаралуы қатаң бақылауда екенін айтты.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бақылауда және прокуратура органдарымен келісу арқылы жүргізілуде. Барлық қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаменті.

Бұған дейін әйел күйеуін пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік. Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс 10 маусымға қараған түні болған. 45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ер адамның жұбайы бірге спирттік ішімдік ішкен кезде салғаны анықталды", – деп хабарлады полиция.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 08:28