Тель-Авивтен Венаға ұшқан ұшақ жарылыс қаупіне байланысты Софияға шұғыл қонды
Тель-Авивтен Венаға бағыт алған жолаушылар ұшағы жарылыс қаупі туралы хабардан кейін Болгария астанасы Софияға шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 18 қазан күні кешке болған. Austrian Airlines әуе компаниясына тиесілі Airbus A320 ұшағында 51 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған.
Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақта жарылғыш зат болуы мүмкін деген хабар түскен. Осыған байланысты ұшқыштар бағытты өзгертіп, София әуежайына қону туралы шешім қабылдаған.
Flightradar24 деректеріне сүйенсек, әуе кемесі бастапқыда белгіленген бағытпен ұшып келе жатқан. Алайда Румынияның оңтүстігіне жеткенде кенет кері бұрылып, Болгарияға бет алған.
Ұшақты Болгарияның әскери жойғыш ұшағы алып жүрген. Ел билігінің ақпаратына сүйенсек, әуе кемесі Софияға қонғанға дейін оны әскери ұшақ сүйемелдеген.
Әуежайға қонған соң барлық жолаушы сыртқа шығарылып, мамандар ұшақтың ішін тексерген.
Шамамен үш сағаттан кейін әуе кемесі сапарын жалғастырып, 19 қазанға қараған түні Венаға жеткен.
Әзірге жарылыс қаупі туралы хабардың рас-өтірігі жөнінде нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы әуеде басып алу белгісін бергені туралы жазған едік. Ұшақ қонар кезде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
