Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда туризмді дамытуға бөлінген 2,7 миллиард қайда жұмсалғаны белгілі болды

Алматы туризм
Фото: Pixabay / Shavarev

Алматы қаласының Туризм басқармасы туризмді дамытуға жауапты өзіне қарасты "Алматы туризм бюросымен" жалпы сомасы шамамен 2,7 миллиард теңгеге үш келісімшарт жасасқан. Оның 895 миллион теңгесі бюроның өз шығындарына, соның ішінде 74 қызметкердің жалақысына қарастырылған. Ал бюроның мердігерлермен жасасқан келісімшарттарының жалпы құны бөлінген қаражаттан 254 миллион теңгеге аз. Бұл туралы Stan.kz Hronika.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2026 жылдың басында Алматының Туризм басқармасы қаланы шетелдік туристер арасында ілгерілету үшін "Алматы туризм бюросымен" 1,19 миллиард теңгеге келісімшарт жасаған. Сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүргізілген. Келісімшарт аясында шетелде онлайн жарнама орналастыру, Tripadvisor және Expedia платформаларында қаланы таныстыру, кәдесый өнімдерін шығару, халықаралық туристік көрмелерге қатысу және танымал тұлғалармен жұмыс істеу жоспарланған. Бюро бұл жұмыстарды орындау үшін жеке компаниялармен келісімшарттар жасасқан. Олардың қатарында "Опен Трэвэл Адвайзори", VideoStyle, EMD-group және Business Blessing Trust-BBT бар. Мердігерлермен жасалған келісімшарттардың жалпы құны шамамен 1,03 миллиард теңге болған. Осылайша, бастапқыда бөлінген қаражат пен мердігерлерге жасалған келісімшарттар сомасының арасындағы айырмашылық 166 миллион теңгеге жуықтаған.

 

Туризмді дамытуға арналған екінші келісімшарттың құны 617,4 миллион теңге болған. Бұл қаражат Қазақстанның ішкі туристік өнімдерін ілгерілетуге және Алматының креативті индустриясын дамытуға бағытталған. Жоспарға "Қызыл Таң" ғимаратын қалпына келтіру, Turkic Game Jam іріктеу кезеңін өткізу және маркетингтік іс-шаралар ұйымдастыру кірген. Бюро осы жұмыстар бойынша үш компаниямен келісімшарт жасаған. "ЕНБЕК" ЖШС ғимаратты жөндеуге 491 миллион теңге, BVT PARTNERS хакатон өткізуге 17,4 миллион теңге, ал "Ритен" ЖШС маркетингтік іс-шараларға 21 миллион теңге алған. Үш келісімшарттың жалпы құны 529,4 миллион теңгені құраған. Бұл бөлінген қаражаттан 88 миллион теңгеге аз.

Үшінші келісімшарт 2026 жылы "Алматы туризм бюросының" әкімшілік және басқа да шығындарын жабуға арналған. Оның сомасы 895 миллион теңге.

Техникалық талаптарға сәйкес, қаражат 74 штаттық қызметкердің жалақысына, сауықтыру жәрдемақыларына, оқытуға, кеңсені күтіп ұстауға, автокөлік жалдауға және шаруашылық шығындарына жұмсалады.

Бұдан бөлек, туристік ақпараттық деректерді жүргізуге, Дүниежүзілік туристік қалалар федерациясы мен Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығына мүшелікке, сондай-ақ Mastercard Tourism Insights және Visa Government Insights Hub аналитикалық платформаларына қол жеткізуге қаражат қарастырылған.

Жарияланған материалда бөлінген қаражат пен мердігерлермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы арасындағы айырмашылықтың нақты қайда жұмсалатыны толық түсіндірілмеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жеті жыл ішінде туристік инфрақұрылымның қалай өзгергені туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 10:38