"Жанымда жоқ адамды жақсы көруді үйреніп жүрмін": Марқұм Мұрат Бисембиннің жары жан сырын ақтарды

2026 жылғы 8 қаңтарда қазақстандық актер Мұрат Бисембин өмірден өтті. Араға жарты жылға жуық уақыт салып, марқұмның жары әлеуметтік желіде екеуінің бірге түскен суретін жариялап, жақынын жоғалтқаннан кейінгі жан күйзелісін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, өмірлік серігінен айырылғаннан кейін адамның тек жүрегі ғана емес, тұтас әлемі өзгереді. Күнделікті тіршіліктегі ең қарапайым сәттердің өзі бұрынғыдай болмай қалады.
“Мен тұтас бір өмірді сағынамын. Таңның қалай ататынын, “ояндың ба?” деген үйреншікті сұрақты, бірге ішкен шайды, болмашы нәрселерді бірге талқылаған сәттерді, кешке құрған жоспарларды сағынамын. Ең бастысы, жанымда өз адамым бар деген сезімді сағынамын”, – деп жазды ол.
ОқыңызМұрат Бисембин көпшілікке “Рэкетир” фильміндегі қылмыс әлемінің өкілі Руслан рөлі арқылы кеңінен танылған еді. Актердің қазасы өнердегі әріптестері мен жанкүйерлеріне ауыр тиді.
Марқұмның жары жазбасында жақынынан айырылғаннан кейін күнделікті өмірдің өзі басқа арнаға бұрылатынын жеткізді. Тіпті дүкеннен азық-түлік таңдау, дастарқан басындағы тыныштық, үйдің ішіндегі үнсіздік те бұрынғыдан өзгеше сезілетінін айтты.
“Кейде маған “сен мықтысың” дейді. Бірақ мықтылық – жыламау емес. Мықтылық – ең қатты құшақтағың келетін адамды енді құша алмайтыныңды біле тұра, таңертең қайта тұрып, өмірді жалғастыру”, – деп бөлісті ол.
Жесір қалған жанның айтуынша, махаббат адамның қасында жүргенде ғана емес, ол өмірден өткеннен кейін де жүректе қала береді. Тек сол сезімнің сипаты өзгереді.
“Мен оны жақсы көруді тоқтатқан жоқпын. Тек енді қолым жетпейтін, жанымда жоқ адамды жақсы көруді үйреніп жүрмін. Бәлкім, бұл – өмірімдегі ең ауыр сабақ шығар. Мен оны қатты сағындым. Бұл сезім кетпейді екен, тек біртіндеп өзіңнің бір бөлшегіңе айналады”, – деп жазды актердің жары.
Желі қолданушылары жазба астына көңіл айтып, марқұмның отбасына сабыр тіледі. Көпшілік Мұрат Бисембиннің өнердегі орны бөлек екенін айтып, оның жарқын бейнесі көрермен жадында сақталатынын жазды.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді