Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Деректерді өңдеу орталығы, жаңа шаңғы курорты пайда болады: Бектенов Тоқаевқа биылғы жоспар бойынша есеп берді

Тоқаев пен Бектенов
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесуде жылыту маусымына дайындық мәселесіне айрықша назар аударылды. Өткен маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы аса жоғары тәуекелдің "қызыл" аймағынан шығарылып, үш ЖЭО "жасыл" аймаққа ауыстырылды.

Биылғы жөндеу жұмыстары 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны қамтиды. Аталған мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген.

"Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.

Сондай-ақ цифрландыру және ұлттық АІ инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімет ұсынылды.

"Деректерді өңдеу орталығы алқабы" жобасын іске асыру мақсатында әлемдік ІТ көшбасшыларымен бірге қуаты 250 МВт болатын инфрақұрылым жасақталады. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асты”, – делінген хабарламада.

Тоқаевқа туризм инфрақұрылымын жаңғырту жайында есеп берілді.

Almaty SuperSki жобасының құрылысы жандана түсті. 60 шақырым трасса құрылысы аяқталғанда, тәулігіне 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Қазақстан "Болашақ ойындары-2026" жарыстарын өткізуге дайын.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сай қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар болды.

“Заңнаманы Ата заңға сәйкестендіру, "Әділетті Қазақстан" және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын нығайту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, Алатау қаласын қарқынды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастыру, сондай-ақ "Таза Қазақстан" бастамасын ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Ақорда.

Кездесу соңында Тоқаев елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыруды тапсырды.

Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алу міндеті жүктелді. Бұл бастама ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартуға тиіс.

Қырмызы Скендір
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 14:53