Заңсыз иемденген 40 миллиард теңге мен Астанадағы бизнес-орталық мемлекетке қайтарылды
Бүгін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комиссия жалпы көлемі 40 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдады. Оның 38 млрд теңгеден астамы – ақшалай қаражат болса, 2 млрд теңгесі – Астанадағы бизнес-орталық.
“Қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталады. Бұған қоса 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданды. Оның аясында "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады”, – делінген үкімет хабарламасында.
Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
"Активтерді қайтару – мемлекет басшысының әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі саясатының тікелей іске асырылуы. Барлық қайтарылған қаражат Қазақстан халқының игілігіне жұмсалады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Атай кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының заңсыз иеленген мүлкі өз еркімен мемлекетке қайтарылған еді.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды