Тұтынушылар "Қазақстан" шоколодының бағасы сапасына сай емес деп шағымданды

Қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де отандық бренд "Қазақстан" шоколодының сапасына күмән келтіре бастады. Ең жиі айтылатын үш шағым: шоколад бетіндегі ақтаңдақтар, резеңке тәрізді консистенция және ауызда ерімеуі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық байер Асыл Нәсіп жұмыс бабымен шетелге жиі шыққанда, шетелдік әріптестері мен достарына сый ретінде үнемі қазақстандық шоколад апарады. Алайда соңғы бір жылда астаналық қыз отандық бренд туралы ондаған жағымсыз пікір естіген. АҚШ, Еуропа және Азиядағы серіктестері шоколадтың өткір иісіне, сындырғанда шығатын қытырлақ дыбыстың болмауына және бетінде ақтаңдардың пайда болды деп шағымданғанын айтты.
“Достарым қазір шоколадтың дәмі де, иісі де бұрынғыдай емес екенін айтады. Соңғы кезде шоколад сатып алғанда, қаптамасын ашқаннан кейін оның бетінде түрлі дақтардың пайда болатынын жиі байқаймын. Неге екенін білмеймін, бірақ шынымды айтсам, біздің қазақстандық шоколадты жақсы көріп, жоғары бағалаған шетелдік достарыма қазір оны сыйлауға ұяламын. Тіпті, бірде достарым маған аздап мысқылмен нағыз еуропалық шоколад беріп жіберіп, "шоколадтың шынайы дәмі қандай болуы керек екенін татып көр" деген еді”, – дейді Асыл Нәсіп.
Алма Әубәкірдің де шоколадтың сапасына көңілі толмайды. Оның отбасы бұл өнімнен мүлде бас тартқан: балаларға бермейді және үй жағдайында пісірілетін тәтті тағамдарға да қоспайды. Қыздың айтуынша, кондитер ретінде ол шоколадтың шамадан тыс жабысқақ болып бара жатқнын, күңгірттеніп кететінін, бетінде ақ дақтар пайда болғанын байқаған. Сондай-ақ шоколад ауызда ерімейді, ал иісінен какаодан гөрі ванильдің иісі көбірек сезіледі дейді ол.
“Бұрын шоколадтың дәмі анық сезілетін. Қазір резеңке сияқты болып кеткен, құрамына өсімдік тектес қоспалар қосылған сияқты. Бұрынғыдай емес. Тіпті, бұрын бұл шоколадты барлық десерттеріме қосатынмын. Қазір мүлде қолданбаймын. Сатып алмаймын, көбіне еуропалық өнімдерді таңдауға тырысамын. Бұрын ол жақсы еріп, бельгиялық шоколад сияқты қолдануға болатын. Қазір майлылау болып кеткен. Хош иісі де ерекше еді, нағыз шоколадтың иісі сезілетін. Ал қазір какаоны суға араластырып қойғандай әсер қалдырады. Оның үстіне бағасы да айтарлықтай қымбаттап кеткен”, – дейді астаналық Алма Әубәкір.
Ал шоколад өндірушілерінің ресми жауабында өнімнің рецептурасы өзгермегенін, өндірісте классикалық технологиялар қолданылатыны айтылған. Компания мәліметінше, какао бұршақтары тікелей Кот-д’Ивуар, Гана және Эквадор елдерінен жеткізіледі. Ал қосымша шикізат тексерілген еуропалық өндірушілерден сатып алынады.
“Біздің шоколадтың негізін табиғи какао өнімдері, қант және табиғи сүт құрамдастары құрайды. Өндіріске қажетті шикізат әлемдегі жетекші әрі сертификатталған жеткізушілерден сатып алынады. Какао бұршақтары какао дақылдары өсірілетін Батыс Африка елдерінен импортталады”, – делінген жауапта.
Ресми мәлімет бойынша, компания ай сайын шамамен 550 тонна "Қазақстан" шоколадын өндіреді. Өнімнің 80 пайызға жуығы ел ішінде сатылады. Қалған бөлігі экспортқа шығарылады. Шоколад Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Германия және Балтық елдеріне жеткізіледі.
"Қазақстан" шоколадын Алматы қаласында орналасқан "ЛОТТЕ Рахат" акционерлік қоғамы шығарады. Бұл фабрика 1942 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі ең ірі кондитерлік кәсіпорындардың бірі. "ЛОТТЕ Рахат" АҚ Алматы мен Шымкенттегі екі кәсіпорында шамамен 400 түрлі кондитерлік өнім шығарады. Шымкенттегі зауыт толықтай жұмысын тоқтатқан.
2015 жылдан бері "ЛОТТЕ Рахат" АҚ акцияларының 92,44%-ы Оңтүстік Кореяның LOTTE Confectionery компаниясына тиесілі. Ал бұл компания 1967 жылы Сеулде құрылған Lotte Group құрамына кіреді.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды