Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзендік белсенді Ақтауда есірткімен ұсталды деген күдікке ілінді: Ол тағылған айыпты жоққа шығарды

Мұратбай Жұмағалиев
Фото: Әлеуметтік желі

Ақтауда азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиев есірткі сақтады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода белсендінің ұсталу сәті көрсетілген. Кадрлардан оның құқық қорғау органдарының әрекетіне қарсылық білдіріп, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарғанын көруге болады.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам рейд барысында қолға түскен. Жеке тінту кезінде одан аса ірі мөлшерде есірткі заты табылып, тәркіленген.

Сондай-ақ ведомство жүргізілген медициналық сараптама күдіктінің есірткі қолданғанын растағанын хабарлады. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полицияның ақпаратына сүйенсек, Мұратбай Жұмағалиев бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, Мұратбай Жұмағалиев Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілі кезінде белсенділігімен танылған. Кейін жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша шартты жаза алған. Кейінгі жылдары түрлі қоғамдық акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол Жаңаөзен оқиғаларына қатысты тергеу қорытындыларын қайта қарауды талап етіп, саяси тұтқындарды босату мәселесін көтеріп жүрген белсенді ретінде белгілі. 2023 жылы Мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатысқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 16:22