Қазақстандық ер адам ұлын тәртіпке салған көрші әйелді соққыға жықты

Қазақстандық әйел әлеуметтік желіде көршісінен таяқ жегенін айтып, шағымданды. Ол өзіне маза бермеген баланың қолын шыбықпен ұрған. Ал баланың әкесі әйелге екі рет жұдырық жүмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айгүл Хаким есімді желі қолданушысы Facebook-те көршісінің өзін соққыға жыққаны туралы жазды. Соққының ауырлығынан ол бір сәтке есінен танып қалған.
“Көршім 6 жастағы ұлына ұрысқаным үшін жағымның астынан ұрып жіберді. Бала қақпаны доппен соғып, ойнап, иттер үріп кетті. Қолыма шыбық алып, қолынан шыбықпен соғып, допты бермейтінімді айттым. Ол әкесіне шағымданып барған соң, әкесі жұдырықпен жағымның астынан ұрды. Бір минут есімнен танып, отырып қалдым. Басым айналып кетті. Кейін тағы есімді жиып артынан барғанымда ол мені қайта ұрды, осымен екінші рет”, – деп болған жағдайды баяндады әйел.
Ол көршісінің үстінен полицияға шағымданып, жедел жәрдем шақырған. Оның төменгі жақтың жұмсақ тіндеріні зақымданған.
Болған жағдайға қатысты пікір білдірген желі қоданушылары екі топқа бөлінді. Зардап шеккен әйелді қолдап, тезірек сауығып кетуін тілесе, енді бірі оны бөтеннің баласын шыбықпен ұрғаны үшін сынады. Олар баланы сөзбен ақылға келуге шақырып, тым болмағанда әке-шешесіне айтуы керек деп санайды.
“Еркектің әрекетін ақтамаймын, бірақ біреудің баласын шыбықпен болса да ұруға болмайды”, “Ата-анасын шақыртып, тым болмағанда полиция шақыруы керек еді”, “Мені де анам шыбықпен ұрған, өте қатты ауырады. Ал мұнда тіпті біреудің баласы”, – деп жазды желідегілер.
"Балалар қорғауында" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Ахметова болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
“Қалай алсаң да, қорқынышты жағдай. Әрине, баланікі әдепсіздік. Бірақ оның қандай да бір даму ерекшелігі немесе ауытқуы бар шығар? Сол үшін бірден ұру керек пе? Балалармен тіл табысу оңай. Өте ауыр девиантты мінез-құлқы бар санаулы балаларды қоспағанда, көбімен жылы сөйлесіп, келісуге болады. Тіпті, ондай жағдайлардың өзі көбіне 13-14 жастағы балалармен болады. Ал мынау әлі кішкентай бала ғой, кәмпит беріп алдап, “біреудің қақпасын тебуге болмайды, қабаған иттер бар” деп айту керек еді. Әлгі ер адамды нағыз еркек деу қиын. Сірә, ол әйел оның анасымен жасты болар. Ол ұлына еркекше сабақ беруі керек еді”, – деп өз ойын жазды ол.
Алайда кейін автордың өзі көршісімен татуласқанын айтты.
“Достар, қолдауларыңызға рахмет, біз татуластық. Маған жүйкем мен уақытым қымбат. Менің қандай адам екенімді, мұндай соққыға лайық болмағанымды да менен басқа ешкім білмейді. Бірақ кешірмейтіндей мен кіммін”, – деп жазба жариялады Айгүл Хакимова.
Ақтөбедегі қанды терактіге 10 жыл: Елді дүр сілкіндірген оқиға қалай болған еді
Оқыңыз