Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбедегі қанды терактіге 10 жыл: Елді дүр сілкіндірген оқиға қалай болған еді

террористер
Фото: Видеодан скрин

Осыдан тура 10 жыл бұрын, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе қаласында Қазақстан тарихындағы ең қанды террорлық шабуылдардың бірі болды. Бір топ қарулы адам екі қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық ұланның әскери бөліміне шабуыл жасап, салдарынан 25 адам қаза тауып, кемінде 19 адам жараланды. Бірнеше сағат ішінде қалада терроризмге қарсы операция режимі енгізілді. Ақтөбе трагедиясы елдегі терроризм мен діни радикализм мәселесіне қоғам назарын қайта аударды. Stan.kz Қазақстанды дүр сілкіндірген шабуылдың хронологиясына шолу жасап шықты.

Бәрі неден басталды?

Тергеу материалдарына сәйкес, шабуылды радикалды діни идеологияны ұстанған топ ұйымдастырған. Кейбір деректер бойынша, топ құрамында шамамен 25 адам болған.

Олардың мақсаты қару-жарақ дүкендерін басып алып, қарулану. Кейін әскери нысандарға шабуыл жасау және жазасын өтеп жатқан радикалды көзқарастағы адамдарды босатуға әрекеттену болған.

Сарапшылардың айтуынша, шабуыл жасаушылар радикалды такфиршілдік және салафилік идеялардың ықпалында болған.

2016 жылдың 5 маусымы. Сол күні қала тұрғындары үшін кәдімгі жексенбі еді. Көшелерде тыныштық, жұрт күнделікті тіршілігімен жүрген. Оның үстіне ертеңінде қасиетті Рамазан айы басталуы тиіс еді. Бірақ арада бірнеше сағат өткенде қалада атыс дауысы естіліп, көшелерде қарулы адамдар пайда болды. Сол күні түстен кейін қарулы адамдар Ақтөбедегі “Паллада” қару-жарақ дүкеніне басып кірді. Олар қару мен оқ-дәрілерді иемденуге кіріскен сәтте дүкен сатушысы дабыл түймесін басып үлгерген. Оқиға орнына алғашқы болып “Жедел күзет” жеке күзет ұйымының қызметкерлері жеткен. Алайда олар да қарулы топтың оғынан аман қалмады. Бір қызметкер қаза тапса, екіншісі ауыр жараланды. Шабуыл салдарынан дүкен сатушысы да мерт болды. 

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерімен атыс кезінде бірнеше тәртіп сақшысы жараланды. Шабуылдаушылар қару-жарақ дүкенінен шығып кеткен соң да қауіп сейілген жоқ. Олар келесі нысанға қарай бет алды. 

шабуыл
Фото: Видеодан скрин

Сол күні оқиға орнында болған полицейлердің бірі кейін сұхбат беріп, өзінің жараланғанын бірден байқамағанын айтқан. Ол қарулы шабуылдың алғашқы сәттерінен бастап адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып, келесі шабуыл жасалған жерге қарай жол тартқан. Тек кейін ғана аяғы мен қолы жараланғанын көрген. 

Осы кезде Ақтөбенің әр түкпірінен полиция мен арнайы жасақ бөлімшелері оқиға орындарына жіберіле бастады. Қала тұрғындарының көбі не болып жатқанын түсінбей дал болды. Біреулер үйлеріне тығылса, енді бірі көшеде болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылауға тырысты.

“Пантера” қару-жарақ дүкеніндегі шабуыл

Осыдан кейін шабуылдаушылар тағы бір қару-жарақ дүкені – "Пантераға" шабуыл жасап, келушілердің бірін атып өлтірді. Арнайы жасақ келген кезде ғимарат ішінде қан іздері анық көрінген. Қылмыскерлер қару іздеп қана қоймай, алдынан шыққан адамдарды да ата берген. 

Кейін белгілі болғандай, дүкен қызметкері Алмат Рахметов шабуыл кезінде ауыр жарақат алған. Қарулы адамдар дүкенге баса-көктеп кіріп, оқ-дәрі талап еткен. Қызметкер олардың талабын орындайтынын айтқан. Десе де шабуылдаушылар оған пышақпен шабуыл жасап, кейін бірнеше рет оқ атқан. Ауыр жараланған ер адам қосалқы есік арқылы қашып шығып, жақын маңдағы тұрғын үйдің кіреберісіне жасырынған.

дүкен
Фото: Sputnik / Антон Пережогин

Арнайы операция жалғасып жатқандықтан, жедел жәрдем бірден жете алмаған. Сол кезде жақын маңдағы үйлердің бірінде тұратын медбике жаралы азаматқа алғашқы көмек көрсеткен. Ол бірнеше сағат бойы қан тоқтатып, жараларын таңып, дәрігерлер келгенше оның өмірі үшін күрескен.

Тергеу материалдарына сәйкес, шабуылдаушылар бейбіт тұрғындарға да тиіскен. Олар дүкенде болған бірнеше адамға пышақ жарақатын салған. Кейбірі оққа ұшқан. Қылмыскерлер қару-жарақты қолға түсіруді ғана емес, үрей туғызуды да көздеген. 

Сол күні Ақтөбе көшелерінде басталған террор бірнеше күнге созылған арнайы операцияға ұласты. Қала толықтай қауіпсіздік күштерінің бақылауына алынып, террористерді іздеу мен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

террористер
Фото: Видеодан скрин

Бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырған

“Пантера” дүкеніндегі оқиғалар шабуылдаушылардың ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Олар  қару-жарақ іздеп қана қойған жоқ, жолыққан адамдардың бәріне шабуыл жасады. Дүкен маңындағы бейбіт тұрғындар да оқ астында қалды. Қылмыскерлер айналаға бейберекет оқ жаудырып, кездейсоқ адамдарды нысанаға алды. 

Мәселен, дүкеннің қарсы бетіндегі азық-түлік дүкенінің қызметкері қауіптеніп, есікті іштен бекітуге тырысқан. Сол сәтте оған қарай оқ атылған. Әйел жарақат алған. Сол маңнан өтіп бара жатқан тағы бір тұрғын да оққа ұшты. Тіпті дүкен жанында тұрған бірнеше автокөлікке дейін оқ тиіп, зақымданған.

“Пантера” маңындағы атыс кезінде полиция қызметкерлері үш шабуылдаушының көзін жойып, біреуін жаралаған. Алайда тағы екі күдікті қашып үлгерген. Сол сәтте қала тұрғындары үшін қауіп сейілгендей көрінгенімен, трагедияның ең ауыр бөлігі әлі алда еді.

Әскери бөлімге шабуыл

Дәл осы уақытта Ақтөбенің тағы бір нүктесінде жағдай ушығып жатты. Қарулы топтың екінші бөлігі Ұлттық ұланның № 6655 әскери бөліміне қарай бет алған. Олар жолай жолаушылар автобусын басып алып, ішіндегі адамдарды түсіріп жіберген. Сосын сол көлікпен әскери бөлімнің қақпасын бұзып кірген. Террористердің негізгі мақсаты әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасына жетіп, автоматтар мен өзге де әскери қаруларды қолға түсіру болған.

шабуыл
Фото: Видеодан скрин

Қақпа бұзылған соң шабуылдаушылар әскери бөлім аумағына кіріп, бақылау-өткізу бекетіндегі сарбаздарға оқ жаудырған. Кейін штаб ғимаратына қарай бет алған. Сол жерде кезекші бөлім мен қару сақталған бөлмелер орналасқан еді. Алайда әскери бөлімнің кезекші офицері дер кезінде әрекет етіп үлгерген. Ол қару бөлмелеріне кіретін жолдарды жауып, дабыл көтеріп, ішкі күзетке шабуыл туралы хабар берген.

Қылмыскерлер қару қоймасына жете алмаған соң штаб ғимаратын атқылап, әскери техникалар орналасқан аймаққа қарай жылжыған. Бірақ бұл жерде олар ұйымдасқан қарсылыққа тап болған. Бірнеше сағатқа созылған қақтығыс кезінде әскери қызметкерлер мен арнайы жасақ сарбаздары шабуылдаушылардың жоспарын жүзеге асыруына жол бермеген. Салдарынан үш әскери қызметкер қаза тауып, тағы алтауы жараланған.

Кейін арнайы жасақ өкілдері тергеу барысында шабуылдаушылардың бұған дейін пәтерлердің бірінде жиналып, өз әрекеттерін талқылағаны анықталғанын айтты. Мәліметке сәйкес, олардың жоспары алдымен қару дүкендерін басып алып, кейін әскери бөлімдегі әскери қаруды иемдену болған.

Қала бойынша арнайы операция басталды

Шабуылдаушылардың жоспары мұнымен аяқталмаған. Алайда құқық қорғау органдары мен арнайы жасақ бөлімшелерінің жедел әрекеті олардың ауқымды жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Ақтөбе облысында терроризмге қарсы операция режимі жарияланды.

террористерді ұстау
Фото: Ақтөбе облысының полиция департаменті

Қашып үлгерген күдіктілер қаланың әр бөлігіне тарап кеткендіктен, күштік құрылымдардың негізгі міндеті оларды мүмкіндігінше тез арада тауып, жаңа құрбандардың алдын алу болды.

Осы мақсатта облыс орталығында жедел штаб құрылды. Полиция, Ұлттық ұлан, “Арлан”, “Бүркіт”, СОБР және басқа да арнайы бөлімшелер жұмылдырылып, қала бірнеше секторға бөлінді.

Келесі күндері Ақтөбе түгелдей арнайы операция аймағына айналды. Көшелерде қарулы жасақтар күзет күшейтіп, тұрғындарға сақ болу туралы ескерту жасалды. Ал қауіпсіздік қызметтері шабуылға қатысы бар адамдарды іздестіру жұмыстарын тәулік бойы жүргізді.

Шабуылды кім ұйымдастырды?

Арнайы операция күндері күштік құрылым қызметкерлері террористер жасырынған бірнеше нысанға рейд жүргізді. Сол операциялардың бірінде арнайы жасақ қызметкері күтпеген жағдайға тап болған. Қаза тапқан күдіктілердің арасынан ол бала күнінен танитын адамды көрген. Бұрын бірге араласып, спортпен шұғылданған танысы енді қарулы топтың құрамында жүрген болып шықты.

Арнайы жасақ өкілдерінің айтуынша, шабуылдаушылардың сыртқы келбеті мен мінез-құлқынан олардың радикалды діни көзқарасты ұстанатыны бірден байқалған. Көпшілігінің сақалы болған, киім киісі де белгілі бір діни ағым өкілдеріне тән ерекшеліктерді көрсеткен.

Осыдан кейін тергеуге теологтар мен дінтанушылар тартылды. Өйткені мұндай топтардың әрекетін түсіну үшін олардың идеологиялық дайындығын, қандай ақпарат көздерінен әсер алғанын және радикалдану жолын зерттеу қажет еді.

Сарапшылардың айтуынша, терроризмді тек діни фактормен түсіндіру жеткіліксіз. Республикалық сот сарапшылары палатасының мүшесі Роза Ақбарованың пікірінше, дін мұндай жағдайда көбіне негізгі себеп емес, адамдарды жұмылдыру немесе әрекетін ақтау құралы ретінде пайдаланылады.

Оның сөзінше, әлемдік діндердің ешқайсысы зорлық-зомбылықты насихаттамайды. Алайда радикалды топтар діни ұрандарды өз мақсаттарына жету үшін қолданады. Мұндай жағдайларда әлеуметтік, психологиялық және жеке мәселелер маңызды рөл атқарады, ал идеология сол әлсіз тұстарды күшейтетін құралға айналады.

Радикалдану қалай жүрді?

Тергеу барысында шабуылға қатысушылардың шетелден таралған радикалды үндеулерді тыңдағаны анықталды.

Теологтардың мәліметінше, 2016 жылдың мамыр айында интернет арқылы Сирияға бара алмаған адамдарды өз елдерінде террорлық әрекеттер жасауға шақыратын үндеулер белсенді тараған. Солардың бірі 2016 жылы 22 мамыр күні жарияланған бейнеүндеу болған. Онда халықаралық террористік ұйым жетекшілерінің бірі жақтастарын өз мемлекеттерінде шабуыл жасауға үндеген.

Тергеу деректеріне сәйкес, топ мүшелерінің бірі терактке алдын ала дайындалған. Ол қару-жарақ дүкендерін бірнеше рет аралап, қарапайым сатып алушы кейпінде олардың жұмыс тәртібін зерттеген. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы радикалды мазмұндағы материалдарды тыңдап, өзіне пікірлес адамдарды іздеген.

Уақыт өте келе оның айналасына радикалды көзқарасты ұстанатын бірнеше адам топтаса бастаған. Кейін олар шабуылды жоспарлауға кіріскен.

Пәтердегі жиын қалай өтті?

2016 жылы 5 маусым күні топ жетекшісі ретінде аталған Дмитрий Таңатаров Ақтөбедегі жалдамалы пәтерлердің біріне ондаған адамды жинаған.

Кейін сот материалдарынан белгілі болғандай, жиналғандарға бұл кездесудің шынайы мақсаты айтылмаған. Көпшілік баланың дүниеге келуіне байланысты құттықтау шарасына шақырылғанына сенген. Пәтерге 40-тан астам адам жиналған.

Кездесу басталған соң жиналғандардың ұялы телефондары жиналып алынып, радикалды мазмұндағы аудиожазбалар қосылған. Бір сағатқа жуық уақыт бойы “жиһад”, мұсылмандарға қысым жасалып жатқаны және қарулы күреске шығу қажет екені туралы насихат жүргізілген. Кейін жиналғандарға бірден әрекет ету ұсынылған. Сотталғандардың бірі  Асхат Рахметовтың айтуынша, осы сәттен кейін адамдардың пікірі екіге бөлінген. Кейбірі ұсынысты қабылдаса, енді бірі үзілді-кесілді қарсы болған.
террорист
Фото: Сотталған Асхат Рахметов. Видеодан скрин

Тергеу мәліметіне сәйкес, жиынға қатысқандардың шамамен жартысы теракт жоспарына бірден қатысудан бас тартқан. Кейбірі қару дүкеніне бара жатқан жолда райынан қайтқан. Алайда ең маңызды мәселе олардың ешқайсысы құқық қорғау органдарына алда болатын шабуыл туралы хабар бермеген.

Қала бойынша іздеу жарияланды

Терактіден кейін құқық қорғау органдары шабуылға қатысы бар барлық күдіктілерді анықтауға кірісті. Арнайы операцияның алғашқы күндерінде бірқатар шабуылдаушының көзі жойылып, кейбірі ұсталғанымен, бірнеше адам қашып үлгерген.

террористер
Фото: Ақтөбе облысының полиция департаменті

2016 жылы 7 маусымда Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті террорлық шабуылға қатысы бар деген күдікпен сегіз адамның фотосы мен дерегін жариялап, оларға іздеу салды. Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырып, күдіктілердің жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрады.

Сол күндері Ақтөбеде қауіпсіздік шаралары күшейіп, полиция мен арнайы қызметтердің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қала көшелері мен ықтимал жасырыну орындары жіті бақылауға алынды.

Кейін бірнеше күнге созылған іздестіру нәтижесінде күдіктілер ұсталды немесе арнайы операция барысында залалсыздандырылды.

Тергеу, сот және террорлық шабуылдан кейінгі өзгерістер

Ақтөбедегі шабуылдан кейін елде ауқымды антитеррорлық операция басталды. Бірнеше күн бойы арнайы қызметтер күдіктілерді іздестіріп, қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Оқиғадан үш күн өткен соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Ол шабуылды дәстүрлі емес діни ағымдардың радикалды өкілдері ұйымдастырған террорлық әрекет деп бағалады. Оның айтуынша, шабуылға қатысқандар салафизм идеологиясын ұстанған. Президент мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік беретінін, алайда діни ұрандарды жамылып, қоғамдағы тұрақтылықты бұзуға тырысатын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылатынын мәлімдеді.

Ұлттық аза тұту күні жарияланды

Шабуыл салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлердің қаза табуы бүкіл елге ауыр тиді. Осылайша 2016 жылы 9 маусым ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Сол күні Қазақстан бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Ел азаматтары Ақтөбедегі террорлық шабуыл құрбандарын еске алды.

Қаза тапқандар:

  • “Жедел күзет” компаниясының 1 күзетшісі;
  • “Паллада” дүкенінің 1 сатушысы;
  • “Пантера” дүкенінің 1 келушісі;
  • “Паллада” дүкенінің маңындағы 1 кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғын;
  • 18 содыр (олардың бірі сыбайлас ретінде көрсетілген);
  • 3 әскери қызметкер.

Жараланғандар:

  • “Жедел күзет” компаниясының 1 күзетшісі;
  • 5 полиция қызметкері;
  • 6 әскери қызметкер;
  • 6 содыр (олардың бірі 8 маусымда қайтыс болды);
  • “Пантера” дүкенінің 1 келушісі;
  • “Паллада” дүкенінің бірнеше сатушысы.

Сонымен салдарынан шабуыл мен одан кейінгі арнайы операция кезінде жалпы 25 адам қаза тапты. Оның ішінде 7 бейбіт тұрғын мен әскери қызметкер және 18 шабуылдаушы болды. Сонымен қатар 19 адам жарақат алды

Арнайы операция қалай аяқталды?

Терактіден кейін Ақтөбеде ең жоғары – “қызыл” террористік қауіп деңгейі енгізілді. Қалада арнайы операция бірнеше күн бойы жалғасты.

Құқық қорғау органдары тұрғын үйлерді, жалдамалы пәтерлерді және күдіктілер жасырынуы мүмкін орындарды тексерді.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі шабуылға қатысы бар барлық адамның ұсталғанын немесе залалсыздандырылғанын хабарлады. Арнайы операция барысында 18 террористің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталды. Сонымен қатар шабуыл кезінде қолды болған барлық қару-жарақ тәркіленді.

12 маусымға қарай террорлық топты толық залалсыздандыру операциясы аяқталғаны жарияланды. Осыдан кейін өңірдегі қауіп деңгейі "қызылдан" "сары" деңгейге төмендетілді.

201 томдық қылмыстық іс

Ақтөбе терактісіне қатысты тергеу Қазақстан тарихындағы ең ауқымды қылмыстық істердің біріне айналды. Сот материалдары 201 томнан тұрды.

Айыпталушылар орындығында 29 адам отырды. Олардың тоғызы террорлық әрекетке тікелей қатысқан деп айыпталса, 18 адам дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Тағы екі адам қылмысты жасырды деген айыппен сотқа берілді. Іс бойынша ондаған куәгер мен ондаған жәбірленуші жауап берді.

үкім
Фото: Видеодан скрин

Сот қандай үкім шығарды?

2016 жылдың соңында Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.

Терактіні ұйымдастыруға және оған қатысуға кінәлі деп танылған жеті адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тағы екі сотталушыға 25 және 22 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Өмір бойына сотталғандардың бір бөлігі жазасын Қазақстандағы ең қатал түрме “Қара бүркіт” колониясында өтеп жатыр. Бұл мекеме өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған.

Сот процесі жоғары қауіпсіздік жағдайында өтті. Сот ғимаратының айналасы қоршауға алынып, қосымша полиция жасақтары мен арнайы бөлімшелер кезекшілік атқарды.

“Паллада” дүкенінің иесі де сот алдында жауап берді

Терактіден кейін тергеу тек шабуылдаушылардың әрекетімен шектелмеді. Құқық қорғау органдары қару-жарақ дүкендеріндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын да тексерді. Тексеру нәтижесінде шабуылға алғаш ұшыраған "Паллада" дүкенінде қаруды сақтау тәртібіне қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталған.

сатушы
Фото: Паллада дүкенінің иесі. Bnews.kz

Тергеу нұсқасы бойынша, кейбір қару түрлерінің ату механизмдері ажыратылмаған, ал қару-жарақтың бір бөлігіне қол жеткізу салыстырмалы түрде жеңіл болған. Соның салдарынан шабуылдаушылар дүкендегі қаруды тез иемденіп кеткен. Осыған байланысты дүкен иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот қарауына жіберілді.

Кейін қару-жарақ дүкенінің иесі Артем Горлаев кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын түзеу колониясында өтейтіні айтылды. Сонымен қатар екі жылға қызметінен шеттетілді. 

Неліктен бұл қарапайым шабуыл емес, теракт деп танылды?

Ақтөбедегі оқиға бастапқыда қару-жарақ дүкендерін тонау ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ тергеу барысында шабуылдаушылардың мақсаты әлдеқайда ауқымды болғаны анықталды. Олар қаруды иемденіп қана қоймай, әскери бөлімге шабуыл жасап, қоғамда үрей туғызуға, мемлекеттік органдардың жұмысына қауіп төндіруге әрекеттенген. Сол себепті бұл оқиға қарапайым қарақшылық емес, террорлық акт ретінде бағаланды.

шабуыл
Фото: Видеодан скрин

Тергеу мен арнайы операцияға барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Ал шабуылға қатысқандар мен оларға көмектесті деп танылған адамдар кейін ұзақ мерзімге сотталды. Олардың кейбірі өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбедегі теракт Қазақстан тарихындағы ең ауыр қылмыстардың бірі ретінде қалды. Бұл оқиға қоғамға радикалды идеологияның қаншалықты қауіпті екенін және оған қарсы күрестің тек күштік әдістермен емес, алдын алу жұмыстарымен де жүргізілуі қажет екенін көрсетті.

Терактен кейін қандай өзгерістер болды?

Ақтөбедегі оқиға Қазақстанның қауіпсіздік жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді. Президент Үкіметке терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, қару айналымы, көші-қон және діни бірлестіктер қызметіне қатысты заңнаманы қайта қарауды тапсырды.

Кейін қару-жарақ сататын дүкендерге қойылатын талаптар күшейтілді. Терроризмнің алдын алу шаралары жаңартылып, арнайы қызметтердің өкілеттіктері кеңейтілді.

Сонымен қатар 2017 жылдан бастап террорлық әрекеттің алдын алуға көмектескен азаматтарға сыйақы төлеу жүйесі енгізілді. Бұл шешім құқық қорғау органдарына қауіп туралы дер кезінде хабар беруді ынталандыру мақсатында қабылданды.

Ақтөбедегі теракт Қазақстан қоғамына ауыр сабақ болды. Бұл оқиға радикалды идеологиялардың қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп қана қоймай, қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертті.

Қарапайым тұрғынның ерлігі: қарулы террорист тоқтатқан азамат

2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде болған террорлық шабуыл кезінде қарулы қылмыскерлерге қарсы күштік құрылымдар ғана емес, қарапайым азаматтар да әрекет етті. Солардың бірі – Ақтөбе қаласының тұрғыны Қуаныш Қарасартов.

тұрғын
Фото: diapazon.kz

Ол шабуыл күні Жанқожа батыр көшесімен өтіп бара жатып, оқ атылған полиция көлігін байқайды. Көліктің жанында жараланған адамдар жатқан. Осы сәтте қолында мылтығы бар күдіктілердің бірі көліктен шыға келген.

“Ештеңе ойлап үлгергем жоқ. Бірден қаруына жабыстым. Шабуылдаушы “Аллаху акбар!” деп айғайлап, шүріппені басып жіберді. Алайда оқ ешкімге тимей, аспанға атылды. Осы сәтті пайдаланып күдіктіні жерге алып ұрып, қолындағы қаруын тартып алдым. Кейін тағы бір шабуылдаушы оны құтқармақ болып, травматикалық тапаншамен оқ атты.  Бірақ оқ маған емес, күдіктінің аяғына тиді. Артынша жаралы полиция қызметкері келіп, бірлесіп күдіктінің қолына кісен салдық”, –  деп еске алады Қарасартов. 

Қуаныш Қарасартов алғашында көшеде болып жатқан жағдайдың ауқымын түсінбегенін айтады. Тек полиция қызметкерлерінің рациясынан қалада бірнеше нысанға бір мезетте шабуыл жасалғанын естіген соң  жағдайдың қаншалықты күрделі екенін ұққан.

Оның батыл әрекеті кейін мемлекет тарапынан бағаланып, 2016 жылдың тамызында Ішкі істер министрлігінің “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Полиция өкілдерінің мәліметінше, мұндай марапат Ақтөбе тұрғынына алғаш рет берілген.

Қарасартовтың оқиғасы Ақтөбедегі қанды шабуыл кезінде қауіпке қарамастан өзгенің өмірін қорғауға ұмтылған қарапайым азаматтардың ерлігінің бір көрінісі ретінде есте қалды.

Stan.kz
Жұма, 05 Маусым, 2026 15:22