Жасөспірімді соққыға жықты деп айыпталған Арман Шораевқа іздеу жарияланды

Әлеуметтік желіде Қосшы қалалық полиция бөлімінің кезекші бөлімінде түсірілген видео пайда болды. Видеодан ақпараттық стендте белгілі журналист әрі қоғам қайраткері Арман Шораевқа қатысты іздеу қағазы бекітілгенін көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көкшетау қалалық полиция басқармасы қоғам белсендісіне іздеу жариялады. Арман Шораевтың үстінен кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салды деп арызданған.
Ақмола облыстық полиция департаменті, бұл ақпаратты растап, 24 мамыр күні Көкшетау тұрғынынан полицияға арыз түскенін хабарлады. Онда ер адам кәмелетке толмаған ұлын Арман Шораев соққыға жыққанын айтқан.
"Аталған арыз бойынша бастапқы процессуалдық әрекеттер аясында көрсетілген азаматты жеткізу үшін жеке құрамға бағдар берілді", – делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметінше, сол күні-ақ Арман Шораев полиция басқармасына өзі келген. Сөйтіп қажетті процессуалдық және тексеру шаралары жүргізілді. Сол себепті жеке құрамға берілген жеткізу туралы бағдар өзектілігін жоғалтқан.
Журналист әрі қоғам қайраткері бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Бұған дейін қоғам белсендісі Арман Шораевтың елорда көшелерінің бірінде азаматтық некедегі жұбайын ұрып-соққан видеосы тараған еді. Алайда Шораевтың өзі бұл ақпараттың жалған екенін айтып, жоққа шығарды.
Ол Facebook желісінде "жасанды интеллекттің құрбаны болғанын" және аталмыш ақпаратты таратқан журналиске қарсы арыз түсіретінін хабарлады.
"Мұның бәрі өтірік. Мен ешқашан ешкімді ұрған емеспін. Бұл арандатушылық және қара пиар үшін Козачковқа ақша төленеді", – дейді Арман Шораев.