Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алғашқы жарнаны көп төлегендерге ипотека арзанға түспек

Қазақстанда ипотека
Фото: pixabay.com

Қазақстанда ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесін есептеудің жаңа тәртібі енгізу бойынша жоба дайындалды. Жобаға сәйкес, 2027 жылдан бастап ипотеканың шекті мөлшерлемесі қарыз алушының бастапқы жарнасына қарай белгіленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, агенттік пен Ұлттық банк ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін белгілеу тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Жоба заңнаманы жетілдіруге және қайталанатын талаптарды қысқартуға бағытталған.

“Ұсынылып отырған басты жаңалық – 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотекалық несиелер бойынша шекті ЖТСМ мөлшерін қарыз алушының бастапқы жарнасына қарай белгілеу. Бұл үшін LTV көрсеткіші қолданылады. Ол ипотека сомасының тұрғын үй құнына қатынасын көрсетеді және банктер үшін негізгі тәуекел индикаторларының бірі саналады”, – делінген хабарламада.

Агенттік түсіндіргендей, бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, қарыз сомасының тұрғын үй құнына шаққандағы үлесі соғұрлым төмен болады. Бұл өз кезегінде банк үшін тәуекелді азайтып, қарыз алушыға тиімдірек шарттар ұсынуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты жобада ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ шекті мөлшерін төмендегідей белгілеу көзделеді:

  • LTV мәні қоса алғанда 0,7-ге дейін 20%-ға дейін;
  • LTV мәні 0,7-ден жоғары болған кезде 25%-ға дейін.

Осылайша, бастапқы жарнасы оның құнының кемінде 30%-ы болатын тұрғын үй сатып алатын қарыз алушылар ипотекалық тұрғын үй қарыздарын неғұрлым төмен құны бойынша ала алады.

“Жаңа тетік азаматтарды бастапқы жарнаны көбірек жинауға ынталандыруға, ипотека беру жүйесіндегі тәуекелдерді ескеруге және тұрғын үй несиелерінің шарттарын әділ етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл банктердің тұрақты жұмыс істеуіне қолдау көрсетпек. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілде мен 2027 жылғы 1 қаңтар аралығында ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі бұрынғыдай 25% болып қала береді”, – деді ведомство.

Еске салсақ, бұған дейін 1 шілдеден бастап қазақстандықтар төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека ала алатынын хабарлаған едік.

Stan.kz
Жұма, 05 Маусым, 2026 15:33