Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте сот жанжал кезінде күйеуін өлтіріп алған көпбалалы анаға жеңіл жаза берді

әйел күйеуін өлтіріп алған
Фото: magnific.com

Шымкентте "Алтын алқа" иегері, көпбалалы ана өзін қорғаймын деп азаматтық күйеуін өлтіріп алған. Басында қасақана кісі өлтіру  деп айыпталған әйелдің ісін кейін сот қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Оtyrar.kz” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 53 жастағы көпбалалы анаға қатысты үкім шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға ақпан айында Шымкенттегі Қарабастау елді мекеніндегі жеке үйлердің бірінде болған. Әйел жұмыссыз, бұрын сотталмаған. Тергеу нұсқасына сай, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, азаматтық күйеуі мас күйінде әйелді соққыға жыққан. Өзін қорғау кезінде әйел ас үй пышағымен бір рет соққы жасаған. Кейін жедел жәрдем шақырылғанымен, ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Бастапқыда ол "кісі өлтіру" бабы бойынша айыпталған. Кейін сот мәліметінше, алқабилер шешімі бойынша әйелдің әрекеті қасақана кісі өлтіру ретінде танылмаған. Бірақ ол қажетті қорғаныс шегінен асып кеткен деп бағаланған. Сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сондай-ақ тергеу изоляторында өткізген әр күні екі күн жаза ретінде есептелетіні айтылды.

Сот әйелді қылмыстық кодексінің 102-бабы бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейді.

Бас прокуратура дерегінше, жыл басынан бері Шымкентте "кісі өлтіру" бабы бойынша 6 іс тіркелген. Оның үшеуі әйелдерге қатысты. Ал "қажетті қорғаныс шегінен шығу арқылы кісі өлтіру" бабы бойынша іс тіркелмеген.

Stan.kz
Жұма, 05 Маусым, 2026 17:26