Алматыда метроны "Барлыққа" дейін ұзарту жобасына 2,9 млрд теңге бөлінбек

Алматыда метро желісін қаланың батыс бөлігіне қарай одан әрі ұзарту мәселесі пысықталып жатыр. Қазіргі жоспар бойынша бірінші желі салынып жатқан “Қалқаман” станциясынан кейін “Барлық” базары маңына дейін жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық “Метрополитен” кәсіпорны осы учаскенің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейтін ұйымды анықтау үшін конкурс жариялаған. Жобалау жұмыстарына 2,9 млрд теңге қарастырылып отыр.
Конкурс талаптарына сәйкес, жобалаушы компания жұмысты алдын ала төлемсіз атқаруы керек. Қаражат дайын жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана төленеді. Сонымен қатар мердігер жобалық шешімдеріне үш жылдық кепілдік беруге міндеттеледі.
Болашақ учаскеде қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселесіне ерекше мән беріледі. Жобада сейсмикалық қауіпсіздік талаптары, жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған лифтілер, жолаушыларға ыңғайлы перрондар және станциялардың 3D үлгілері қарастырылуға тиіс.
Жоспарланған жаңа бағыттың ұзындығы шамамен 5,2 шақырым. Метро “Қалқаманнан” кейін Абай даңғылы бойымен батысқа қарай созылып, одан соң Алатау даңғылы арқылы солтүстік бағытқа бұрылады. Кейін желі Райымбек даңғылына шығып, “Барлық” базары маңында аяқталады.
Осы аралықта үш жаңа жерасты станциясын салу көзделіп отыр. Олар Алатау даңғылының Абай даңғылымен, Төле би көшесімен қиылысатын тұстарында және “Барлық” аумағында орналасуы мүмкін.
Жаңа станцияларда жолаушылар қауіпсіздігі үшін платформалық есіктер орнатылады. Бұл жүйе перрон мен пойыз жолын бөліп, адам қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Оқыңыз“Барлық” маңындағы соңғы станцияда Райымбек даңғылының астынан жерасты өткелі салу жоспарланған. Онда санитарлық бөлмелер мен банкоматтарға арналған орындар да қарастырылады. Бұл өткел кейін осы аумақта салынуы мүмкін автовокзалмен немесе көлік-ауыстыру торабымен байланысуы ықтимал.
Қала үшін бұл бағыттың маңызы жоғары. Себебі Алматының батыс бөлігінде тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Наурызбай ауданы мен қала маңындағы елді мекен тұрғындары орталыққа қатынау кезінде көбіне Райымбек даңғылындағы кептеліске тәуелді.
Күн сайын Қаскелең жақтан қалаға кіретін көлік ағыны осы бағыттағы жол жүктемесін арттырады. Егер метро "Барлыққа" дейін жетсе, қала сыртынан келетін жолаушылардың бір бөлігі жеке көліктен метроға ауысуы мүмкін. Бұл батыс қақпадағы кептелісті азайтуға әсер етеді.
Әкімдік болашақта бұл желіні қала шекарасынан әрі қарай, Алатау қаласы бағытына дейін ұзарту мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Айта кетейік, Алматы метросының алғашқы бөлігі 2011 жылы іске қосылған еді. Ол кезде желі қала орталығындағы жеті станцияны ғана қамтыды. Кейін метро батысқа қарай ұзартылып, “Сайран”, “Мәскеу”, “Сарыарқа” және “Бауыржан Момышұлы” станциялары пайдалануға берілді.
Қазір бірінші желінің келесі нүктесі – “Қалқаман” станциясы салынып жатыр. Оны 2026 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланған.
Ұзақ мерзімді жоспарда Алматы метросын тек батыс бағытпен шектемей, жаңа желілер арқылы қаланың өзге бөліктерімен де байланыстыру көзделеді. Соның бірі – метроның екінші желісін әуежайға дейін жеткізу жобасы.
Бұл бағыт “Жібек жолы” станциясы маңынан басталып, Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Шығыс айналма жолы, Halyk Arena аумағы мен Құлжа тасжолы арқылы өтіп, Алматы халықаралық әуежайының терминалына дейін баруы мүмкін.
Астана мен Жезқазғандағы әрқайсысының құны 15 млн теңге болатын жылы аялдамалар орнатылмақ