Заманбек Нұрқаділовтің ұлы әкесінің ісін қайта қарау өтінішімен Бас прокуратураға жүгінгенін айтты
Қайрат Заманбекұлы марқұм әкесі Заманбек Нұрқаділовтің ісін қайта қарау өтінішімен Бас прокуратураға жүгінгенін айтты. Ол "өзін-өзін өлтірді" деген қорытындымен жабылған істі қайта ашып, әкесінің өлтірілгенін дәлелдемек. Бұл туралы Қайрат Заманбекұлы Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қайрат Заманбекұлы осы жылдар ішінде шындықты айтуға қанша рет оқталғанымен, мүмкіндігі болмағанын жеткізді. Айтуынша, түсіне кіріп тұратын әкесі "ол уақыттың келетінін" ескерткен. "Бұл қасіретті жүрегімде ұстап жүргеніме 17 жыл болды" деген Қайрат Заманбекұлы шындықтың беті ашылатын кез жетті дейді. Ол 2005 жылы әкесі Заманбек Нұрқаділов қайтыс болған соң, "өзін-өзі өлтірді" деп жазылған қорытындымен келісуге мәжбүр болғанын, басқа амалы қалмағанын жеткізді.
"Осыдан бір апта бұрын Бас прокуратураға хат жаздым. Әкемнің ісін қайта қарап, суицидтен - өлтірілді дегенге ауыстырсын деген өтініш білдірдім. Осыны халыққа айтайын деп едім", - дейді Қайрат Заманбекұлы.
Заманбек Нұрқаділовтің ұлы: Әкем Назарбаевқа қарсы шыққан соң, Мақпал екеуінің арасында ұрыс болды
Ол Бас прокуратура өтінішті кері қайтарған жағдайда, қазақстандықтардан көмек сұрайтынын айтты.
"Ел болып, бірігіп Тоқаевқа шықсақ", - деген өтінішін білдірді.
Айта кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділов 2005 жылдың 12 қарашасында өз үйінен өлі күйінде табылды. Марқұмның жүрегінен екі рет, басынан бір рет оқ атылған. Ресми нұсқа бойынша, өз-өзін өлтірді деп танылды.