Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заман ағымынан қалмау керек": Семейде 70 жастағы әже такси жүргізеді

Семейде жасы 70-ке таяған Тілеуғайша Багенова есімді такси жүргізушісі тұрады. Техниканың тілін жетік меңгерген ол хоббиін табыс көзіне айналдырған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. 

Фото: видеодан скриншот

Семейлік Тілеуғайша Багенова халық арасында “такси апа” деген атпен танымал. Техниканың тілін жетік меңгерген ол хоббиін табыс көзіне айналдырған. Айтуынша, заман ағымынан қалмау үшін жастарға ілесе білу керек. 

“Мен бала кезімнен көлік жүргіздім. Ағаларым механизатор болып үйреткен. Сосын тұрмысқа шыққан соң, қазақта ері тұрып, әйел көлік айдамайды деп атаң машина берген жоқ, айдатқан жоқ. Сосын жолдасым ауырған соң, өзі беріп, рұқсат алдым. 60 жастан асқан соң машинаға отырып такси жүргізушісі боламын деп кім ойлапты? Зейнетақы аз, ештемеге жетпейді. Немерем Алматыда оқу оқиды. Соған ақшамен көмектесу керек. Сосын ұлыма маған көрсетші мен такси жүргізушісі болайын деп сұрадым”, - дейді семейлік көлік жүргізушісі. 

Тілеуғайша апаның сөзінше,  кез келген техниканы меңгерем десеңіз қорқынышты жеңу, жауапкершілікті сезіну керек. 

“Көлік жүргізу қиын емес, ең бастысы ниет болу керек, қорықпау қажет. Егер қорқып, жүрексінсе көлік жүргізудің қажеті жоқ. Қазір көшеде көлік айдайтын қыз-келіншектер көп”, - деді Тілеуғайша Багенова. 

Жасы 70-ке таяған такси жүргізушісі Семейден бөлек өзге өңірлерге де көлікпен өзі қатынайды. Бүгінге дейін ереже бұзып, айыппұл төлеп көрмепті. 

“МАИ қызметкерлері мені көргенде амандасады. Мен кейде қатты жүріп кетемін. Сонда кейбіреуі қасыма келіп, апа қатты жүріп барасыз деп айтады. Жас балалар ғой, батамды беремін. Сергек камераларын қойғалы бері жүрісі ақырындады. Бірақ айыппұл алып көрген жоқпын”, - деді Тілеуғайша Багенова. 

5 баладан 13 немере сүйіп отырған әжей қосымша кәсіппен де айналысады. Арманы мол табысқа кенеліп, немерелерімен саяхаттау екен. 

Талқылау