Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұят болады-ау": Қарақат Әбілдина өзін жүкті деп болжағандарға жауап берді

Қарақат Әбілдина бойжеткен шағында ақ боз атты ханзаданы кездестіріп, үш баланы дүниеге әкелуді армандаған. Арманы екі еселеніп, бүгінде 6 ұл-қыздың анасы атанып үлгерді. Енді есін жиғанда, фанаттары оны тағы да жүкті деп болжауда. Әбілдина елдің көңілін күпті еткен сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"17-18 жасар Қарақаттың қандай арманы болды білесіз бе? Керемет ақ боз атты ханзаданы жолықтырсам, үш балаға ана болсам…

Отыз жасыма дейін дүниеге әкелетін баланы әкеліп, одан кейінгі өмірде өзіме қарап, күтім жасасам. Әніммен қалықтап сахна төрінде жүрсем деген асқақ армандарым болатын.

Сөйтіп Қыдекеңдей красавчикке тұрмысқа шықтым да, бұндай біртуар азаматтың ұрпағы көп болу керек деп, екі рет үшті қайталап, алтауға бірақ бардық-ау. Алла өмірімен берсін. 

Шүкір, тілегім қабыл болды. Шынайы махаббатымыздан жас отау тігілді. Алла бағымды еселеп ұл-қыздар берді. Үйім толы баланың сылдыр-сылдыр күлкісі. Ұлдарымның тарсыл-гүрсіл шабысы, миымның шамалы айналыңқырап қалғаны да рас. Сонау 23 жыл бұрын тігілген жас отау үлкен ақ отауға айналды. Бәріне шүкір", - деп жазды әнші желідегі парақшасында.



Оқырмандары әншінің толысқан бейнесіне қарап, жетінші баласын күтіп жүр деп топшылады. Алайда Әбілдина бар болғаны дене мүсінін қалыпқа келтіре алмай жүргенін айтады. Ал көпбалалы ананың ендігі арманы - тұңғышын үйлендіріп, немере сүю. 

"Енді міне алтыншыдан кейін жайылып кеткен фигурамды жинақтай алмай жүргенде, аяғыңыз ауыр екен, жеңілдеп алыңыз, - деген хаттарыңызға жол болсын, жақсыларым.

Мына Қарақат қыздарыңыздың бала туудан басқа өнері бар екенін ұмытып кеткен жоқсыздар ма? Баламның алды 21-ге келді, ендігісі ұят болады-ау. Қалай ойлайсыздар? Алла қаласа Айзөниден кейін бесігімде немере тербетсем бе деген тілегім бар. Әрине, сіздердің рұқсаттарыңызбен, ақ тілектеріңізбен", - деп түйіндеді сөзін ол.

Талқылау