Ұсыныс хат былтыр жіберілген: Шымкент әкімдігі 10 жылдан бері аулада қалған Қонаев ескерткіші туралы пікір білдірді
Stan.kz ақпарат агенттігі 10 жылдан аса аулада қалып кеткен Қонаев ескерткішіне әлі орын табылмай тұрғанын бұған дейін жазды. Онда құнды мұра иесі Ержан Қалдыбаев қанша есікті қақсақ та ешкім елемеді деген еді. Кейін бұл мәселе бойынша тілшілеріміз қалалық әкімдікке сұрау салды. Жауапта министрлікке бұл жөнінде 2 мәрте ұсыныс хат жолданғаны жазылған. Тіпті оған жылға жуық уақыт өтіпті.
Шымкент қаласының әкімдігі Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың бірге тұрған ескерткішін орнату мәселесін өткен жылы көтерген екен. Осы мақсатта 2022 жылдың 25 сәуірінде және 16 тамызда екі мәрте мәдениет және спорт министрлігіне идеялық ұсыныс хат жолдаған. Бірақ әзірге жауап жоқ көрінеді.
“Ескерткіш авторы Қалдыбаев Ержан Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығының жеке қабылдауында бірнеше рет болған. Ескерткіш орнату мәселесі зерделеніп, жан-жақты қаралып, қолданыстағы заң аясында жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, кемеңгер тұлғалардың мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету мақсатында Дінмұхамед Қонаевқа және Асанбай Асқаровқа Шымкент қаласынан ескерткіш орнату бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне 2022 жылдың 25 сәуірінде және 2022 жылдың 16 тамызында идеялық ұсыныс хаттар жолданды. Комиссия қарап, мақұлдап, жергілікті атқарушы органға хат жолдаған жағдайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі”, – делінген әкімдік жауабында.
Әрі бұл іс комиссиямен мақұлданған жағдайда хаттамамен рәсімделіп, шешім шығарылады. Сонымен қатар, әкімдік алда-жалда ескерткішті орнату жөнінде рұқсат беріліп жатса мынадай құжат қажетін де көрсетіпті.
1) құрылысты орнатуды қаржыландыру туралы ақпарат қамтылған ілеспе хат;
2) құрылысты орнату үшін жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның шешімінің немесе қаулысының көшірмесі;
3) құрылыстың 1:10 масштабтан кем емес жұмыс жобасы;
4) жарықтың төрт бағыты көрсетілген құрылысты орнатудың ситуациялық сызбасы;
5) құрылыстың 1:500 масштабтағы бас жоспарының макеті;
6) құрылыстың сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдерін қысқа сипаттауды қамтитын түсіндірме жазба.
Еске салайық, бұған дейін 10 жылдан бері аулада тұрған ескерткіштің талай мәрте жазылып, тіпті ел аузында аңызға айналғанын Ержан Қалдыбаев айтып берген еді. Әрі бұл құнды мұраны қалай жасатқанын, дайын болғанда Қонаевтың жақындары, Асанбай Асқаровтың жолдасы арнайы келіп, өз бағаларын беріп, құранын бағыштап риза болып кеткеніне дейін айтып берген.
Stan.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің 1 жыл бұрын жолдаған ұсыныс хатын нақтылау үшін Мәдениет және спорт министрлігіне сауал жолдады.